Статистика. Қазақстандықтар отбасыны бірінші орынға қояды

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні.

Ол Біріккен Ұлттар Ұйымы Ассамблеясында бекітіліп, 1994 жылдан бері аталып өтіледі. Халқымыз қашанда шаңырақтың беріктігі мен қазақы тәрбиеге ерекше мән берген. Отбасы ынтымақ пен бірліктің ордасы деп санаған. Бүгінде әр шаңырақ бұл қағиданы берік ұстануы тиіс. Ол үшін отбасы институтын нығайту мен құндылықтарды дәріптеу бойынша кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.

Әлемдік құндылықтарды зерттеу рейтингінің нәтижесі бойынша қазақстандықтар ақша, мансап, жұмыс және отбасын таңдауда жанұяны бірінші орынға қойған. Бұл еліміздегі отбасы институтының қаншалықты берік әрі күшті екенін көрсетеді. Ал соңғы жылдары гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдаманың жаңаруы бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсті. Қазір қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шаралар да нәтижесесін бере бастады. Тиісті заң да қабылданды.

Жұлдызай Ысқақова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:

- Тұрмыстағы зорлық-зомбылық – қоғам назарын өзіне аударған маңызды мәселе. Қазір Үкімет пен халық бірге жұмылып, мәселені ауыздықтаудың қамына кірісті. 2021 жылдан бері отбасы және гендерлік саясат концепцияларына өзгерістер енгізіп, барынша әрекет етіп жатырмыз. Отбасында зорлық-зомбылық белгілерін көрген ұрпақ оны кейін өзі де қайталауы мүмкін. Бұл балабақшадан бастап, әскерге дейінгі барлық деңгейде көрініс беруі ықтимал.

Отбасының беріктігіне білім ордаларының да қосатын үлесі зор. Ондағы академиялық бағдарламаға құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған курстар қосылуы тиіс. Мұны Әйелдер істері мен отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұсынып отыр.

Гүлнар Омарова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі:

- Отбасы институтын нығайтуда, әсіресе жоғарғы сынып оқушыларына, колледж бен университет студенттеріне курстар жүргізген дұрыс деп ойлаймын. Ол тек қана психологиядан емес, заң туралы да, адам құқығы туралы да, қаржы мәселелерін қалай шешу керек екендігін, заң жүзінде өз құқықтарын қалай қорғау мәселелерін шешуде дұрыс болады деп ойлаймын.

Тәрбие беруде азаматтық белсенділік те маңызды рөл атқарады. Мысалы, елордадағы әкелер кеңесі әр мектептегі тәлім-тәрбие жұмыстарына белсенді араласады. Олар салауатты өмір салтын дәріптеуге атсалысады. Сонымен қатар елге белгілі тұлғалардың өмірін насихаттауға басымдық береді.

Мұхтар Шотбаев, Астана қаласы әкелер кеңесінің мүшесі:

- «Тамырынан бүлінген ағашты бұтағынан емдейді» деген. Әкелерді тәрбиелеумен қатар болашақ әкелерді тәрбиелеу жағын қолға алып жатырмыз. Сабақтан қосымша уақытта керемет шығып жатқан шығармалар бар. Соларды бірге оқып, бірге талқылап, бата жаттау, ер азамат қандай болу керек, батыр ағаларымыздың үлгілерін оқып, оларды талқылап, дәл қазіргі таңда сондай жұмыс жүргізіліп жатыр.

Отбасы – зиялы қоғамның діңгегі. Демек әр шаңырақтың аман-саулығы кемел келешекке бастайды. Бұл ретте ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру керек. 10 жыл ішінде 650-ге жуық отбасыны аралап, салт-дәстүріміз бойынша ақпарат жинаған ұстаз Бибігүл Кәрденова: «бесік жырынан басталатын қазақ өмірінің әр кезеңіне үлкендер өнегесі қажет», – дейді.

Бибігүл Карденова, республикалық «Ұршық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

- Былтыр ғана екінші немеремнің тұсауын кестім. Сол кезде біз ақ киізді қолымызбен бастық. Әр немере өзінің әжесінің ақ патшасы. Кезінде ақ патшаларды керемет қылып ақ киізге отырғызып, немесе жаңағы әз әжелерді ақ киізге отырғызған. Сол сияқты ақ патшам болсын деп ақ киізге отырғыздық. Ала жіпті де иірдік. Мен қара жіпті иіріп, бүкіл өзімнің әжелік тілегімді айтып отырсам, ақ жіпті иіріп отырып, келінім ана ғой, ішіндегі балаға деген тілегін айтып отыр. Сол екеуін бір-біріне жалғастырып, тұсауын кескен кезде ол бала бақытты болмағанда! Осы құндылықтарымызды дәріптеп, осы ата-әжелерімізді тыңдап, жастар ере бастаса, бәрі қалпына келеді.

Осыған дейін ғаламторда Қазақстандағы ажырасу коэффициенті әлем бойынша екінші орында деген ақпарат тарған еді. Бұл мәліметтің жалған екендігін Ұлттық статистика бюросы дәлелдеп отыр. Себебі соңғы 5 жылда бұл коэффициент екі есеге азайған. Бұл да елдегі отбасы институтының нығайып келе жатқанын көрсетеді. Көш ілгері кеткен елдермен иық тіресу де маңызды. Ұтымдысын алып, қажетсізін қалдыра білу керек. Сонда ғана ұлттық тәрбие ұлт болып ұйысуға, отбасы құндылықтарын сақтауға жол ашады.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Мадияр Қындыбаев.