Ел шығысында сел қауіпі күшейді
Өйткені таудағы мұздықтар ери бастаған.
Өлкеде 144 мореналық көл бар. Қазір мамандар осы су көздерін басты назарға алды. Себебі тау арасында түзілген бұл су қоймалары 11 елді мекенге қауіп төндіреді. Тек қана Қатонқарағай ауданы аумағында мұздықтан жиналған 98 көл бар. Риддерде 30, ал Зайсанда 6 көл тұр. Әзірге ондағы су деңгейі қалыпты. Дегенмен маусымдық бекет қызметкерлері қыркүйек айына дейін қадағалайтын болады. Өйткені мореналық көлдер бөгетті жарып бір-біріне қосылса, жолындағысын жайпап өтетін жойқын күшке ие, – дейді мамандар.
Дидар Мергенов, «Қазселденқорғау» ММ ШҚ аумақтық пайдалану басқармасының бөлім басшысы:
- Маусымдық бекеттеріміз 15 маусымнан бастап, міне, ашылды, ол сол аудандар бойынша Қатонқарағай, Риддер қаласы, Зайсан ауданы бойынша барлығы үш уақыт беріп отырады ақпараттарын, су деңгейін, жылдамдығын, судың ылғалдығын. Соның бәрін беріп, түгендеп, осы орталық диспетчерге жібереді, біз ары қарай Алматы қаласына жібереміз.