Павлодарда кәсіпкерлер мен балық инспекциясы соттасып жатыр
Павлодарда кәсіпкерлер мен балық инспекциясы ортақ мәмілеге келе алмай, соттасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Кезінде Қарасор көлін 47 жылға жалға алған кәсіпкер оны тиімді пайдалана алмай, осыдан екі жыл бұрын мемлекетке қайтаруға мәжбүр болған. Бірақ жақында ол су қоймасын сот шешімімен кері қайтарып алды. Сол екі ортада су айдыны басқа кісінің меншігіне өтіп, онда балық өнімдерін өңдейтін модульды кәсіпорын ашылады деп жоспарланған. Енді аумақтық балық инспекциясы көлді қайтарып алған бірінші кәсіпкерге қатысты Жоғарғы Сотқа кассациялық шағым түсірді.
Павлодар облысы осыдан 30 жыл бұрын балық шаруашылығымен танымал еді. Жалғыз Қашыр балық питомнигі жылына бір миллион шабақ шығаратын. Тоқырау жылдары бұл сала құрдымға кетті. Қазір жергілікті нарыққа балық пен балық өнімдері сырттан жеткізіледі.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Қарасор көлі – облыс аумағындағы ең ірі су айдыны. Жалпы аумағы 4,5 мың гектарды алып жатыр. Ал осы көлді жалға алған кәсіпкерлерге қойылатын басты талап – ол балықтандыру, қыстыгүні оттегімен байыту және көлдің айналасының тазалығын қамтамасыз ету.
Бұдан бөлек, табиғат пайдаланушылар су айдынына күзет қоюы шарт. Осы және өзге де талаптар орындалмаған жағдайда кәсіпкермен арада келісімшарт бұзылады.
Дәулет Жақыпов, аумақтық балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы:
- Балық инспекциясының қызметкерлері 2022 және 2023 жылдары осы су айдынында балық аулау ережелерінің 17 рет өрескел бұзылғанын анықтады. Үш қылмыстық құқықбұзушылық фактісін тіркеді. Барлық материал бойынша сот қаулылары қабылданды. Үш қылмыстық іске қатысты Май аудандық соты үкім шығарды.
Аумақтық балық инспекциясының Қарасор көлін жалға алушымен келісімді біржақты бұзуына осы оқиғалар себеп болған. Мұнымен келіспеген кәсіпорын директоры сот шешімін аппеляциаға беріп, Павлодардың ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында жеңеді. Облыстық сот алқасының шешімімен Қарасор көлі қайтарып алды. Алайда осы аралықта аумақтық балық инспекциясы Қарасор көлін басқа адамның меншігіне берген.
Өнербай Әбжанов, табиғат пайдаланушы кәсіпорынның директоры:
- Сот шешімі шықпай тұрып бұлар мұны апарып, ИП Қожабековке беріп қойған. Сондықтан мен оларға айттым: «балық инспекциясына неге маған жіберген сияқты шешімді оларға жібермейсіңдер, біржақты шартты бұзамыз», – деп. «Жоқ біз оларға жібере алмаймыз. Біз оны сот арқылы шешеміз», – дейді. Сол енді мына жерде осындай әділетсіздік болып тұр. Неге маған олар жібере алады біржақты жаңағыдай шартты бұзамыз деп, ал ИП Қожабековке неге олар жібере алмайды?
Сағын Төлеутаев, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары:
- Комиссияның шешімімен бұл көл бекітілгесін бізге хаттама жіберілді. Осы хаттаманың негізінде облыс әкімінің қаулысы қабылданды. Бұл көлді осындай осындай мерзімге, яғни субъектіге бекіту ретінде. Яғни, егер мына комиссияның шешімі болмаған жағдайда сәйкесінше облыс әкімінің қаулысы шықпас еді.
Енді Қарасор көлін ұзақ мерзімге жалға алған екінші тарап аң-таң күйде. 12 мамырда аумақтық балық инспекциясы онымен келісімшарттық міндеттемелерді біржақты тоқтатып тастаған.
Айтмұхамбет Қожабеков, жоба инвесторы:
- Бұл – жеке адам емес, бүтіндей комиссиямен қабылданған шешім. Сондықтан барлық процедура заңды болды деп айта аламын. Көл иесіз болғасын балық инспекциясы оны бізге заң бойынша беріп отыр. Міне, осындай қиындықтарға кезігіп жатырмыз. Әсіресе грант мәселесі алаңдатады. Егер грант берілсе, оны қалай игеремін?
Қарасор көлінде тәулігіне екі тонна балық өңдейтін модульдік цех ашамын деп бір жыл бойы сенделген екінші кәсіпкердің де еңбегі осылайша зая кетті. Ал аумақтық балық инспекциясы көлдің заңдыиесі кім болатынын нақтылау үшін Жоғарғы Сотқа жүгінді. Демек бұл істің нүктесі әлі қойылған жоқ.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.