Бес парыздың бірін кәсіпке айналдырғандар
Бес парыздың бірі – қажылық уақыты жақындап келеді.
Биыл 5 мыңға жуық қазақстандық қасиетті мекенде діни рәсім орындайды деген болжам бар. Олардың шетелдегі сапарын 17 туркомпания ұйымдастырады. Сонымен бірге лицензиясы болмаса да қызмет көрсететіндер жылда көбейеді екен.
Жыл сайын 5 мыңға жуық азамат қажылыққа аттанады. Мұсылмандар үшін ерекше маңызға ие бұл сапардың құны қалтаға қолайлы деу қиын. Дегенмен қасиетті мекенге қамданғандар миллиондап ақша жұмсауға даяр. Бірақ барғанның бәрінің бірдей жолы болып жатқан жоқ. Қыруар қаржы бергенмен қажылықтан құр қалғандар бар.
Бұл – Бижігіт Ермекұлы. Бірнеше жылдан бері Мәдина қаласында тұрады. Онда қажылық сапарында қиындыққа ұшыраған қазақстандықтарға шама-шарқынша қол ұшын созып жүр. Ол: "Діни ғұрыпты тек табыс табудың көзі ретінде көретін туркомпаниялар бар", - дейді. Олар қызмет сапасына қарағанда қалтасының қамын көбірек ойлайды. Жұртты жиып, ауыр аманатты арқаласа да жауапкершілікке жеңіл қарайды. Зардабын қажылар тартады.
Бижігіт Қастай, Медина қаласының тұрғыны:
- Әлеуметтік желілер арқылы жазылып жатады, белгісіз тұлғаларға жазылып жатады. Содан кейін мына Сауд арабиясына келген кезде не отелі дайын емес, не автобусы дайын емес, не болмаса айдалада қалып қойып жатқан кісілер болады. Тіл білмегеннен кейін немесе құжат жоғалтуы мүмкін, ауырып қалып медициналық көмек көрмей жататын адамдарды кездестірдік, өкінішке қарай. Талайына өзіміз тіл білгеннен кейін жәрдем беруге тырыстық.
Ал мүфтият бізде тек 17 туркомпания тіркелген дейді. Қасиетті сапарды ұйымдастырушыларға лицензияны да діни басқарма береді. Яғни қалғаны заңсыз жұмыс істеп келген. Сондай-ақ қажылық визасына қолжеткізбесе де өз бетімен шекара асатындар да жетерлік.
Елбек Тасболатұлы, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
- Қажылық визасын емес, туристік визамен өздерінің жолдарымен барып жатқан кісілер бар. Ол кісілер мүфтияттың байқауынан өтпеген, бірақ бетімен адам жинап алып, барып жүрген жағдайлар кездесіп жатыр. Алдағы уақытта өз жолымен баратындардың алдауына түсіп қалмау үшін халыққа ескертіп, жариялап, сақтандырамыз. Мүфтияттың сайтында байқаудан өткен 17 компания, оның қоластындағы құжаттары көрсетілген.
Қажылыққа апарамын деп ақшасын санап алып, халықты алдап кеткендер де бар. Былтыр шымкенттік туркомпанияның үстінен 100-ден аса адам арыз жазып, бірлестік басшысы сотталған еді. Бірақ бұл өзгелерге сабақ болса игі.
Шернияз Жалғасбекұлы, Ерлан Наурызбаев, 24.KZ