Қонақжайлық қонақ үйден басталады

Астанаға келіп, Елордамен ғана емес, бүкіл Қазақстанмен танысуға болады.

Рас, бас қала – туризмнің күретамыры. Мамандардың есептеуінше, былтыр 1 млн 324 мың 47 адам астананы көруге келіпті. Көп-көрім көрсеткіш. Десе де, турист түгілі, кез келген адам алдымен жатын орынның жайын бірінші ойламай ма?! Қонақ үйлердің жайы қалай?

Өзін Халқ деп таныстырған азамат қытай тумасы. Қазақстанға алғаш келуі екен. Кәсіпкер жай жүрмегенін айтты. Астанада бизнес бастағысы келеді.

Халқ Фу, турист:

- Бұрын-соңды Қазақстан жайлы естігенім болмаса, келіп көрмеппін. Әзірге алған әсерім жақсы. Астана – дамушы қала екен. Жан-жағында құрылыс қарқынды. Кәсіпкер болғандықтан мен үшін бұл өте маңызды.

Иә, Астана – ТМД аумағында ең үздік іскер қала. Сондықтан Халқ секілді шаруа ойлап келетіндердің болуы заңдылық.

Былтыр бас қалаға 1 млн 324 мыңнан аса турист табан тіреген. Өсім – 12 пайыз. Жайлы орын, лайықты қызмет болса, бұл көрсеткіш әлі де арта түспек. Себебі елорда әсем архитектурасымен ғана емес, мәдени-спорттық іс-шараларымен де тартымды. Ал қонағын құдайындай күткен қазақтың болмысы алдымен қонақ үйлерден көрінеді. Меймандардың да басты назар аударатын орны – осы.

Раушан Есімсейітова, кәсіпкер:

- Қонақ үй былтыр ашылды. Қысқа уақытта 15 мыңнан аса қонақ қабылдадық. Келушілерге біздің сервис ұнайды әрі орналасқан жері өте ыңғайлы екенін жиі айтады. Ең басты талап, ол әрине, тазалық пен жайлылық. Сондай-ақ қызметкерлердің сапалы қызмет көрсетуін назарда ұстаймыз. Қазіргі таңда отелде 70-тен аса адам жұмыс істейді. Олардың біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлінеді.

Қазір бас қалада 229 қонақ үй бар. Бірақ мұның өзі келетін туристер нөпіріне шаққанда аз. Сондықтан оларды көбейту мәселесі тұр. Әсіресе әлемде танылып үлгерген бренд қонақ үйлерді бас қалада көптеп ашу жайы қарастырылып жатыр.

Базарбек Қамысбаев, Астана даму орталығы департамент директорының орынбасары:

- Елордада 5 жұлдызды – 8, 4 жұлдызды – 38, 3 жұлдызды – 64 қонақ үй бар. Қалғандары жұлдызы жоқ, категориясыз қонақ үй. Жылдың соңына дейін алдағы уақытта 11 инвестициялық жоба қонақ үй бойынша қарастырылып жатыр.

Қонақ үй көбейсе – туризмнің тамырына қан жүгіреді. Жат жұрт қана емес, ағайын-туыс жатар орын іздеп, сандалмайды. Ұлттық статитистка бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр елде 20 қонақ үй салыныпты. Сарапшылар кәсіпкерлерде құлық болғанымен, қолдаудан қағажу қалып отырғанын айтады.

Анар Шаймұханова, "Атамекен" ҰКП" департаментінің сарапшысы:

- Қонақ үй бизнесіндегі отандық инвесторларды қолдаудың арнайы мемлекеттік тетігі қарастырылған. Ол – қонақ үй салу мен қайта жаңғырту кезіндегі шығынның 10 пайызын өтеу. Көмектің бұл түрі биылдан бастап әкімдердің міндетіне өтті. Өкінішке қарай, аталған механизм барлық аймақта бірдей дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Сәйкесінше, кәсіпкерлер қолдаусыз қалып отыр.

Бас қаланың өзінде бес жұлдызды қонақ үй саусақпен санарлық. Ал ел бойынша 2 мыңға жуық қонақ үй ешбір санатқа жатпайды. Жайлылыққа еті үйренген шетелдіктерге бұл біраз қиындық туғызары анық.

Назерке Тоқжан, 24.KZ