Тасқыннан соң. Жұмыссыздарға жаңа мүмкіндік
Еліміздегі жұмыссыз азаматтар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге барып, жұмысқа орналаса алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ол үшін «Бірге салайық» жобасын іске қосты. Ал Электронды еңбек биржасында жаңа модуль пайда болды. Онда су шайған үйлер мен ғимараттарды қалпына келтіруге бос жұмыс орындары ұсынылған.
Астаналық Дүйсенбай Сүкеевтің жасы 44-те. Жұмыссыз отырғанына 3 айға жуықтаған. 11 жылдық білімі бар ол: «Кез келген қарекетке кірісіп кете аламын. Себебі 4 баламды асырауым қажет. Бастысы – екі қолға бір күрек табу», - дейді.
Дүйсенбай Сүкеев, қала тұрғыны:
- 2-3 ай болды жұмыссызбын. Құрылыс болсын, басқа да қолжәрдем, сөзжәрдем болса да жұмыс істеуге дайынмын. Су басқан аймақ болсын, қай өңір болса да баруға дайынмын.
Қазір табиғи апат болған өңірлерде бірқатар маман тапшылығы байқалады. Мәселен Солтүстік Қазақстан облысында дәнекерлеуші, электрик, ағаш шебері, инженер жобалаушы, прораб секілді мамандар жетіспей тұр.
Серік Тоқымбетов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір Солтүстік Қазақстан облысы бойынша құрылыс компаниялары 20-дан астам жұмыс орнын ұсынып отыр. Орташа жалақы 170 пен 300 мың теңге аралығында. Электронды еңбек биржасы күн сайын жаңартылады.
Азаматтар өңірлердегі бос жұмыс орындарын Электронды еңбек биржасынан көре алады. Қазірдің өзінде платформада Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысындағы құрылыс компанияларынан 42 ұсыныс орналастырылған.
Жанболат Данияров, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің директоры:
- Еліміз бойынша су тасқынынан зардап шеккен қалалар мен елді мекендердегі ғимараттарды қалпына келтіруге 70-тен астам құрылыс компаниясы жұмылдырылды. Жұмыс іздеп жүрген азаматтар өңірлерге барып, өзіне қажетті қызметке орналаса алады. Ал еңбекақы қызметкерлердің біліктілігі мен жұмыс тәжірибесіне байланысты болмақ. Яғни 100 мың теңгеден басталады.
Бұдан бөлек, өзге өңірлерден барған азаматтарды, құрылыс компания басшылығы тұрғылықты үй және ыстық тамақпен қамтамасыз етеді.
Қазбек Нұрмұхамбетов, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:
- Жұмысшыны тұрғылықты үй және ыстық тамақпен қамтамасыз етеміз. Жалақысын уақытылы береміз. Бізге тек жұмысын сапалы атқарғаны керек. Сондай-ақ азаматтардың тек құрылыс саласында емес, жалпы жоғары білімі болмаса да қабылдаймыз. 11 сынып білімі болса болғаны. Ең бастысы оның ниеті мен осы саладағы тәжірибесі маңызды.
Иә, жұмыс берушінің талабы осындай. Жоғары білімінің болуы маңызды емес. Осы ретте заңды сұрақ туындайды: дипломның болмауы құрылыстың сапасына кері әсерін тигізбей ме? Бұл сұрақты сарапшыларға қойдық.
Ләззат Жанмолдаева, экономист:
- Су басу оқиғаларынан зардап шеккен халықтың ұйысуына осы жобаның тиімділігі бар деп есептеймін. Себебі көпшілік қолкөмегі әрі жұмыссыз азаматтарды жұмыспен, жалақымен қамту. Бұл жерде жұмыссыз азаматтар олардың білімі болмаса да жұмыс істей алады. Әркім өз біліміне, деңгейіне қарай қызметтері ұсынылады. Сондықтан үйдің құрылысы сапасы төмен болып қала ма немесе тағы басқа жағдай туралы қам жемесе де болады деп есептеймін.
Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, апаттан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақтөбе облыстарында қосымша 239 үйдің құрылысы басталып кетті. Ал үйлері су астында қалған жүздеген отбасы жаңа баспанаға қоныстанды.
Альмира Оразбай, Наурызбай Құрманғазы, 24.KZ