Серік Шәпкенов Құлсары халқымен кездесті

Су тасқыны кезінде зардап шеккен Құлсары қаласындағы үйлерге төленетін өтемақы нарық құны бойынша есептеледі.

Тұрғындардың арнайы нысаналы шоттарына әр шаршы метр үшін 200-240 мың теңге көлемінде қаражат аударылады. Құлсары қаласына барып, тұрғындармен кездескен Серік Шәпкенов осылай деді. Облыс әкімі өтемақыны жаңа тұрғын үй сатып алуға немесе салуға және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жұмсау керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы Жылыой ауданында 3613 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алғанын хабарлады. Қазір келтірілген залал бойынша техникалық тексеру және бағалау жұмыстары жүргізіліп, шығындарды өтеу үшін құжаттар дайындалып жатыр.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- Біз қазір есептердің барлығын жүргізім жатырмыз. Алды кеше басталды. 15-інен бастап береміз дегеннен кейін. Бір жұма-он күннің ішінде барлығына түгел бағалауын жеткіземіз. Заңға сәйкес, біз бағалау құнымен қараймыз. Халықтың ең бірінші талабы былай болды. Бізге артық ештеме керек емес. Өзіміздің дүние мүлкімізді өтеп берсеңіз болды. Сондықтан да осы бағалаудың қорытындысы бойынша жаңағы баға шығады.