Құлсарыда тасқыннан келген шығын есептеліп жатыр

Бағалау нәтижесімен келіскен тұрғындар өтініш берсе 14 күн ішінде өтемақы беріледі.

Кеше облыс әкімі Серік Шәпкенов зиян шеккен тұрғындардың үйіне барып, шығынды өтеу тәртібін түсіндірді.

Өңір басшысының айтуынша, нарық құнына сәйкес тұрғын үйдің әр шаршы метрі 200 мың мен 240 мың теңгенің аралығында бағаланады. Кейін өтемақы арнайы шотқа аударылады. Қазір 100-ден аса тұрғын бағалау парағын алған. Жылы ойлықтардан 2 940 өтініш қабылданды. 756 үй апатты деп танылған. Бағалау жұмыстарын 10 күнде аяқтау жоспарланып отыр.

Күләш Аманбайқызы, Құлсары қаласының тұрғыны:
- Қиратуға кеткен үйге 200 бен 240-тың ортасында ақша төлейміз деп жатыр. Мен соған келістім. Себебі маған орнына үй салып берсе болды, бастысы. Үйдің орнына үй берсін. 240 мың теңгеге келісемін. Үйім салынса болды, артық ештеңе сұрамаймын.

Серік Шәпкенов, облыс әкімі:
- Есеп кезінде бес саусақ бірдей болмайды деген сияқты, оның бәрін есептейді. Біз кімдер келіседі, сол кісілерге бірден ақшаларын аударып береміз. Ал сіз өзіңіздің әлі де бір ойыңыз болса, онда арыз жазыңыз. Сол есепті бізге беріңіз. Комиссия келеді. Тағы да қарайды. Сізге түсіндіреді.