Қызылордада 10 жыл тұрған көпір қайта жөнделді

Қызылордада 10 жылдан бері жабық тұрған көпір қайта іске қосылды.

Сырдарияның арнасына салынған су тоспасы 2014 жылы апатты деп жабылып, көлік жүре алмай қалған еді.

Сөйтіп, 35 мыңдай тұрғынның дарияның арғы бетіне қатынауына қиындық туған. Енді гидронысан қайта қалпына келтіріліп, мәселе шешімін тапты.

Нұрлан Асқаров күнделікті жұмысқа осы көпір арқылы қатынайды. Бұған дейін автокөлікпен өтуге тиым салынғасын, көбіне велосипедпен жүруді әдетке айналдырған. «Әсіресе, жедел жәрдемді ұзақ күтетін едік. Жол ашылғалы тұрмысымыз жеңілдеді», - дейді Сабалақ саяжайының тұрғыны.

Нұрлан Асқаров, Саяжай тұрғыны:
- Бұл жақта такси көбіне жүре бермейді. Енді мынау ашық болғаннан кейін такси шақырсаң, қазір жетіп келеді, жақсы болды. Бағасы арзан. Мына жерден шақырсаң келе салады. Айналып келемін дегенше біраз жер ғой енді. Қазір білесіздер халық бензин дейді, қымбат дейді.

Сабалақ саяжайынан бөлек, қала маңындағы Тасбөгет кенті мен Иіркөл елді мекенінің 35 мыңдай тұрғыны үшін де дарияның арғы бетіне өту 10 жылдан бері қиындық тудырған. 

Әнуар Тәжібайұлы, қала тұрғыны:
- Соғыс жылдары істелінген көпір болғанымен, бәрі жақсы. Ішін жөндеген, жан-жағы, бәрі әрі-бері өткен кезде сондай көңілің тоқ, сондай жақсы өтетін болыпты.

Бұл су тоспасының іргетасы 1940 жылы қаланған. Ал қолданысқа 1956 жылы беріледі. Жетпіс жылдық тарихы бар гидронысан 2014 жылы апатты деп танылып, үстіндегі көпір жабылды. 2020 жылы республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады. Маңызды жоба биыл аяқталды.    

Серік Қожаниязов, қала әкімі:
- Халық қиналып жатқаннан кейін, енді мына Тасбөгетте 30 мыңның үстінде халық бар. Әрі-бері жүреді бәрі, машинамен халыққа өте қолайсыз болады. Дачалар бар, сол себепті министрлікпен келісіп, осы гидроузелді аштық. Енді шектеу болады, ескі болғасын жүк мәшинелері жүрмейді мүлдем, жеңіл мәшине, қоғамдық көлік, жедел-жәрдем көліктері жүретін болады.  

Осылайша облыс орталығындағы дарияның екі бетін байланыстыратын үшінші көпір іске қосылды. Айта кетейік, Қызылорда су тоспасы арқылы өңірдегі 120 мың гектар егіс алқабы, 250 мың гектар шабындық пен жайылым суарылады. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев