Жамбыл облысында 100 жыл бұрын салынған теміржол туннелі жөнделеді

Аудан орталығының екі шағынауданын жалғайтын өткел бір жолақты.

Енді жергілікті тұрғындар туннелді екі жолақты қылуды сұрап отыр.

Себебі бір бағытта өткенше, қарсы бетте көлік кептелісі болады. Жаяу жүргіншілерге де қатынау қиын. Мәселе шешімі қалай болмақ?

Бауыржан Момышұлы атындағы ауылда 7 мың тұрғын бар. Олар мектеп, балабақша мен ауруханаға бару үшін осы өткелмен өтеді. Туннель 1924 жылы таудан келетін суды өткізетін суағар ретінде салынған. Кейін жұрт мал айдап өтетін болған. Ал аудан орталығы құрылғанда жолаушылар және көлік өтетін жол өткелге айналды. Бірақ тар туннелде қозғалыс қиын. Тұрғындар біраздан бері осы мәселені көтеріп жүр.

Қайрат Әлиев, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны:
- Қыстың күні мұз болады. Жеңіл машина асты тіреліп қалады. Арғы жағынан келе алмай қаласың. Сосын айқай болады. Осы көпірді жөндейтін, істейтін бір тірлік болса. Қанша жыл болды, көп болды ғой. Шаршатқанына көп болды ғой.

5 жолақты шойын жолдың астындағы өткел арқылы тәулігіне 1 000 көлік ары-бері қатынайды. Қазір оның бетон жабындысында жарықша пайда болған. Жаңбыр жауса төбесінен су сорғалап, жаяу жүргінші өте алмай қалады. Ал жауаптылар «100 жыл бұрын салынған өткелден келер қауіп жоқ», - дейді. Себебі жақында ғана арнайы өткізген сараптама қорытындысы бойынша қауіпсіз деп танылған. Десе де көлік қатынасын жеңілдету мақсатында өткелді кеңейту жобасын әзірлеген. Құрылысын бастауға «Қазақстан темір-жолының» келісімін күтіп отыр.  

Асхат Жабағы, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары:
- Құрылыстың мерзімі шамамен
5-6 айды алайын деп отыр биыл. Сараптама қорытындысынан кейін қаржы уақытылы қаралып, жұмыс басталатын жағдайда, жылдың аяғына дейін аяқталады.

Жоба бойынша ескі өткелді қос жолақты, әрі жаяу жүргіншіге де қолайлы етіп жасау үшін 800 миллион теңге қажет. Қаржы бөлінсе, жеті мың тұрғын жыл соңында жаңа өткелмен қатынауға мүмкіндік алады.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә