Ұлытау облысында шаруалар қымыз баптауға кірісті
Қыста Ұлытау, Жаңаарқада мың жарым бас жылқы қырылды.
Тағы мыңдаған бас бие мұз жұтып, іш тастады.
Дегенмен, ата дәстүрден қол үзбеген шаруалар бие байлап, қымыз баптауға кірісті. Жұттан жүдеу шыққан жылқының аузы көкке ілігіп, оңала бастады. Қыстан қысылып шыққан шаруалар енді ерте қамдануды көздеп отыр.
Өткен қыс арқа жұртына жайсыз тиді. Қаңтарда жаңбыр жауып, соңы қатты аязға ұласты. Тебіндегі жылқысын қорасына жеткізе алмаған шаруалар біраз шығынға батты. Еңбек ардагері Кенжеғара Қуанышев «Мұндай жағдайды бұрын-соңды көрмедім», - дейді. Ақсақалдың жетекшілігімен құрылған шаруашылық, табиғат тосын мінез танытқан тұста өрістегі малды түгел қораға қамап, қолда баққан.
Кенжеғара Қуанышев, еңбек ардагері:
- Қыс өте қатты болды. Малдың бәрі қолға қарады. Әрине, шығын да бар. Шөптің көптігінің арқасында шықтық аман-есен.
«Ақжол» шаруа қожалығы биыл 4 үйір жылқы сауып отыр. Ешқашан күбісі қаңсымаған әулет бұйырған қымызды саудаға шығара бастады. Қазірден бастап алдағы қысқа әзірлік жұмыстарын бастап кеткен. Мал азығын қажетінен 200 тоннаға артық дайындауды жоспарлап отыр. «Өткен қыс бәрімізге сабақ болды», - дейді.
Ербол Кенжеғараұлы, шаруа:
- Жылқы енді-енді оңалып келе жатыр. Жаман емес. Құдайға шүкір төл бар. Көкке ілігіп, жаңбыр жауып, жақсы болып келе жатыр.
Бір мезетте 1 000 күбімен қымыз пісіп, рекордтар кітабына енген Жаңаарқада бүгінде 85 мың жылқы бар. Анығында бұл көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Малының санын айтпайтын қазақ оны арнайы базаға тіркеуге де құлықсыз. Қыста қырылған жылқының біреуі де ауыл шаруашылығы жануарларын біріздендіру базасына енгізілмеген.
Қайрат Мұтаев, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Өткен қыста қолайсыз ауа райы салдарынан Жаңаарқа ауданы бойынша 1 500 бас жылқы қырылды. Өлекселер толығымен жойылды. Өлген малдың бірде-біреуі арнайы базада тіркелмеген. Сондықтан қазір шаруалармен кездесіп, мал басын арнайы базаға тіркеу қажеттігін түсіндіріп жатырмыз. Бұл мал азығын жеткілікті дайындауға және жайылымдық жерлердің көлемін анықтауға мүмкіндік береді.
Осыған дейін мал азығын сатып алуға субсидия беріліп келген. Биыл заң өзгерді. Енді ол қаржы жем-шөп өндірісіне және ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға бағытталады. Бұл мақсатқа облыста 3 млрд теңге қарастырылып отыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев