Қостанай облысында зардап шеккендерге 146 пәтер сатып алынды. LIVE
Қостанай облысында тасқын судың зардабын жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Осы күнге дейін 4 мыңнан астам отбасыға әлеуметтік төлем берілген. Баспанасынан айырылғандарға 146 пәтер сатып алынды.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Барынан айырылған жандарды баспанамен қамту бұл бірінші кезекте тұрған міндет. Облыс бойынша су басқан 1351 үй техникалық сараптамадан өткен. Соның 475-і тұруға жарамсыз деп танылды. Қалғаны жөндеуді қажет етеді.
Үйсіз-күйсіз қалған отбасыларға Қостанай мен Арқалықтан пәтер беріліп жатыр. Осы күнге дейін ресми мәліметке сүйенсек, 146 пәтер сатып алынған. Тұрғындардың көбісі алатын пәтерлерімен анықталып, келісімшарт жасасқан.
Мынау менің артымдағы жаңадан салынып жатқан тоғыз қабатты үйден 60 пәтер сол зардап шеккендерге беріледі. Жаңа қазірде осы тұста Қостанай облысы әкімінің кеңесшісі Ерлан Спановты кездестіріп, бұл баспаналар қашан тапсыратындығын сұрап еді, алдағы дүйсенбіде алғашқы тұрғындарға пәтер кілті берілетіндігін айтты. Табиғи апат зардабын жою бағытында тағы қандай шаруалар атқарылып жатқандығы жайлы ол былай деді.
Ерлан Спанов, Қостанай облысы әкімінің кеңесшісі:
- «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражат есебінен Аманкелді, Жангелдин және Қостанай аударында 80 шаршы метр болатын. 88 типті тұрғын үй салынып жатыр. Сондай-ақ «Базис-А» серіктестігі арқылы Арқалық қаласында 50 пәтерлік заманауи тұрғын үй тұрғызылып жатыр. 2 мыңнан астам қырылған малға бір миллиардқа жуық өтемақы төленді. 4 мыңнан астам отбасыға 1,5 миллиард тенге көлемінде біржолғы әлеуметтік өтемақы төленді.
Қостанайда табиғи апаттан зардап шеккендердің баспана мәселесі ірі бизнес компанияларының қаржылай қолдауымен шешіліп жатыр. Ал облыстың оңтүстік аудандарында үйлер «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының есебінен салынады. Қазіргі кезде Аманкелді мен Жанкелдин аудандарында 68 жеке үйдің құрылысы жүріп жатыр.