Оқушыларды бес кеселден сақтау шаралары

Елде 14 пен 40 жас аралығындағы азаматтардың онлайн-ойындарға әуестігі бар.

Оның одан әрі белең алуына жол бермеу керек. Бұл туралы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Астанадағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінде өткен форумда айтты. Жиында қоғам дертіне айналған лудомания, есірткі және буллингке жол бермеу шаралары талқыланды. Сондай-ақ білім ұйымдарында, жаман әдетке қарсы нақты жұмыстарды үйлестіру  тетіктері қаралды. Бұдан бөлек Мемлекет басшының үшінші Ұлттық құрылтайда айтқан маңызды мәселелері де осы форумға арқау болды.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бүгінгі отырыстың, кездесудің өзі осы бес кеселмен біз қоғам бірлесе отырып қалай күресе аламыз? Балалардың санасын интернет ғаламтор билеп жатқан кезде біз ата-ана, қоғам, мектеп, бүкіл орта қалай күресуге болады, сол бағытта ой бөлісу, пікір алмасу.

Руслан Сихимбеков, дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры:

- Бүгінгі форумның мақсаты – Атырауда өткен үшінші құрылтайда айтылған басты мақсаттар, міндеттер, соны талқылау. Соны мектеп қабырғасында ата-аналарға, оқушыларға насихаттау болып табылады. Ұлттық құрылтайдағы берілген концепцияға байлаынсты сол жердегі бес кесел, құндылықтарды алып, соны жылдық жоспарымызға енгіздік.