Жамбыл облысындағы 86 ауылға газ тартылмаған

Көгілдір отынсыз отырған елді мекендердің дені облыс орталығынан шалғай немесе таулы жерлерде орналасқан.

Сол себепті қомақты қаржы қажет етеді, дейді жергілікті билік өкілдері. Мәселе қашан шешіледі?

Есейхан ауылының тұрғыны Сенкүл Бекмұратованың көмір жағып келгеніне 30 жылдан асты. Қыста қары қалың, аязы қатты өлкеде тонналап алған көмірі шақ келмейді. Бір маусымда қатты отынды екі рет түсіруге мәжбүр. Оған 400 мың теңге жұмсаймыз, дейді көп балалы ана. 

Сенкүл Бекмұратова, Есейхан ауылының тұрғыны:

- Таулы аймақ болған соң қысы қатты болады. Көміріміз мінекей көмірмен отырмыз. Қатты қыс болғанда 10 тоннаға дейін жағамыз шындап келгенде. Көмір бағасы қымбаттау. Қалтамыз көтермейді амал жоқ. Газ берсе екен дейміз. Газ келеді дегеніне неше жыл болды әйтеуір жиналыс ашқан сайын газға уәде беріп кетеді. Бірақ болмай жатыр, енді жоғарыдан ақша бөлінбей жатқан шығар енді ешкімді кінәләмаймыз. Бірақ үкіметтің құлағына жетсе, халықтың үндеуі осы. 

Талас ауданында 23 ауылдық округ болса, оның 6-уы газға қосылмаған. Дегенмен, көгілдір отын мәселесі алдағы екі жыл ішінде шешілмек. Қазір 5 миллиард теңгенің жобасы әзірленді. Жауапты министрлік өтініштерді мақұлдап, қаржының бір бөлігін бөлген. 

Дамир Жаманбаев, Талас аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Майтөбе, Қожағаппар ауылдарын газбен қамтамасыз ету бойынша жалпы сметалық құны 2 миллиард бірақ биылғы жылға 1 миллиард қаражат бөлінді. Қалған ауылдар Қасқабұлақ Есейхан және Қарой. Осы үш елді мекеннің жобасы дайын. Сараптама қортындысы бар. 2025-2026 ға жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл екінші деңгей. Бұның құрылысы Майтөбе Қожағаппардан ары қарай жалғасын табатын болады. 

Былтыр 11 ауыл көгілдір отынға қосылса, биыл тағы 25-де осындай жұмыстар аяқталады. Қазір өңірдегі 371 елді мекеннің 285-і табиғи газ пайдаланып отыр. 

Дамир Тұңғатов, энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының м.а.:

- Биылғы жылы 3,3 миллиард 121 миллион теңгеге 11 елді мекенде құрылыс монтаж жұмыстары басталды. Жыл соңымен газдандыру деңгейі 92 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. 

Облыс бойынша газ тартылмаған жалғыз Мойынқұм ауданы қалды. Сондықтан биыл осы жаққа басымдық беріледі. Бастапқы кезеңде 13 округті қамту көзделген. Бұл мақсатқа 18 миллиард теңге қажет. Қазір облыстық әкімдік салалық министрлікке бюджеттік өтінім жолдап қойған. Қаражат бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады. 

Мерей Бает, Елдар Байділдә