Жезқазғанда жерасты суын жеткізетін құбырдың тең жартысы жаңартылды

Жезқазғанға жерасты суын жеткізетін "Үйтас-Айдос" құбырын жаңғырту жұмыстарының 50 пайызы орындалды.

2 жыл бұрын Президенттің тікелей тапсырмасымен басталған жоба биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Жаңарған құбыр жезқазғандықтар тұтынып отырған судың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазір қала халқы ауыз судың 70 пайызын ашық су қоймасынан ішіп отыр.

Үйтас-Айдос су құбыры 1966 жылы пайдалануға берілген. Қазір қаланың тіршілік нәріне деген сұранысының небәрі 40 пайызын ғана өтеп тұр. Қысымды көбейтсе темір бетоннан жасалған ескі құбыр жарылып кетеді. Сондықтан тұрғындар тұтынып отырған судың қалған бөлігі Кеңгір ашық су қоймасынан алынады. Жезқазған жұртын жерасты көздерінен келетін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2 жыл бұрын жаңадан 50 шақырым құбыр тарту жұмыстары басталған болатын. Жалпы құны 16 млрд теңгені құрайтын жоба бүгінде 50 пайызға орындалды. 

Алмаз Жандарбеков, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда 22 км құбыр салынды. 32 пластик құбыр бір-біріне жалғанып дайын тұр. жалпы 50 шақырым құбырды биыл салып бітіп, бас жағында насос станциясы бар, 3 мың кубтық резервуары бар, соның бәрінің де жұмыстары жүріп жатыр 4 учаскеде. Соның бәрін қазан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. 

Мердігер ұйым қазір жобаның ең күрделі кезеңіне аяқ басты. Құбырдың қалаға кіреберісіндегі 2 шақырымы Кеңгір су қоймасының астымен өтеді. 20 метр тереңдікке дейін салынып жатқан құбыр шаруашылық-ауыз су тазарту орталығына жеткізіледі. Құбырлар шіріп кетуден сақтау үшін оқшауланған және қауіпсіздік мақсатында сырты ағашпен қапталған. 

Қанат Сағымжанов, мердігер ұйым өкілі:

- Арнайы темір тұрба қалыңдығы 14 мм, жалпы диаметрі 820 мм-ден. Сырты арнайы изоляциясымен қапталған. Жоғары сапады. Барлық қауіпсіздік бойынша жауапкершілікті алып істеп отырмыз. Дәл қазір изоляция жасалып жатыр, дәнекерлер жұмыстары жүріп жатыр. 

Жаңа құбыр пайдалануға берілсе жерасты суының үлесі 2 есеге артады. Ал толықтай көшу үшін Үйтас және Айдос жерасты су көздерінің ұңғымаларын жаңғырту қажет. Жалпы құны 17 млрд теңгені құрайтын жоба қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. 

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов