Алматыда жалпықалалық сейсмикалық жаттығу өтті
Шараға төтенше жағдайлар департаменті, қалалық құтқару қызметі, полиция, жедел жәрдем және әскери бөлім сарбаздары қатысты.
1100 адам жұмылдырылған оқу-жаттығу әр ауданда ұйымдастырылды. Мұндағы басты мақсат – тұрғындарды төтенше жағдай кезінде дұрыс іс-қимылға үйрету.
Дәл таңертеңгі онда қалада дабыл қағылып, теле- және радиоэфирлерде ресми ақпарат жарияланды. Шартты түрдегі жер сілкінісі кезіндегі шұғыл әрекет пысықталды. Мектеп оқушылары дабыл қойған соң эвакуация жасалып, қауіпсіз жерге жеткізілді.
Алуа Мамырзақова, оқушы:
- Қатты жер сілкінісі болған кезде ғимараттың құлау мүмкіндігі өте жоғары. Сол үшін ғимарат құлағанда өз өміріңді сақтау үшін біз кітаптарымызды басымызға қою керекпіз. Далаға шыққаннан кейін бізге мысалы жер сілкінісі болған кезде не істеу керектігі туралы ережелер айтты.
Жетісу ауданының №148 мектеп-гимназиясында баспанасыз қалған адамдарды қабылдау пункті ашылды. Лагерь мен далалық асхана жасақталып, алғашқы көмек беру әрекеттері көрсетілді.
Бақытгүл Мырзадәулетова, қала тұрғыны:
- Сөмке, чемодан дайын тұруы керек. Ішінде кәдімгі жиі айтып тұратын заттар, алғашқы көмекке керек заттар, өзіңе керекті тамақ, киімдер сондайлар бәрін салып қойып дайындап отырамыз. Шығардың кезінде газды, жарықты сөндіру дегенді білемін. Соның бәрін дайындап отырамыз.
Қалада барлығы 16 нысанда сейсмикалық оқу-жаттығу пысықталды. Көпқабатты тұрғын үйдегі өрт сөндіріліп, адамдарды жоғарғы қабаттан түсіру жұмыстары жүргізілді. Алматылықтарға төтенше жағдай кезінде заводтан улы зат тарағанда қалай сақтану керектігі де үйретілді.
Бекболат Бұғабаев, азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
- Табиғи болсын, техногендік төтенше жағдайлар болсын әрбір халық өзінің өрт болған жағдайда не істеу керек, қай жерге тығылу керек, қалай өзін қорғау керек, жер сілкінісі кезінде қай жер қауіпті, қай жер қауіпсіз орындар? Осының бәрі осы оқу-жаттығудың арқасында жеткізіп отырмыз.
Алматының сейсмикалық белсенділігін ескерсек, «Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадамды» есте сақтау керек. Бүгінгі қалалық сейсмикалық жаттығуға азаматтық қорғаныс қызметтерінің және Алматы гарнизонының жеке құрамынан 1100 адам мен 60 бірлік техника тартылды.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Алматы сейсмикалық аймақта орналасқандықтан жыл сайын радиусы 80 шақырым аумақта 200-ге жуық әлсіз дүмпулер болып тұрады екен. Шаһар тағанындағы 30-ға жуық тектоникалық жарықтың 60 пайызы тау бөктерінде орналасқан. Сондықтан әрбір азамат төтенше жағдай кезіндегі және одан кейінгі іс-қимылдарға дайын болуы керек. Бүгінгі оқу-жаттығудың басты мақсаты да осы.
Аршын Кемелжан, Кенже Амраев