Сайөтесте 15 үй жөнделіп жатыр

Сайөтес ауылында екіқабатты 15 үй жөнделіп жатыр. Маңғыстау облысындағы шатыры тесіліп, қабырғасы жарылған баспаналарды бұған дейін көрсеткен едік.

Таяуда Маңғыстау ауданы әкімдігі жариялаған мемлекеттік сатып алу конкурсын жергілікті құрылыс компаниясы ұтып алды. Жоба құны – 180 млн теңге. Мердігер ескі үйлердің қасбетін жаз аяқталғанша жаңалауға тиіс.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Сайөтес – Шетпеден 126 шақырым жерде орналасқан ауыл. Мұнда өткен ғасырдың 64 жылдары теміржолшылар үшін екіқабатты 18 үй салынған. Содан бері ешқайсы күрделі жөндеу көрмепті. Биыл 15 үйдің шатыры, қасбеті мен кіреберіс подъезі қалпына келтірілмек. Ал қалған үшеуін сүру жоспарланған.

Ұзақ жылдар күтім көрмей, әбден тозған баспананың бірінде Шапай Байболатовтың жанұясы тұрып жатыр. Отағасы төбеден аққан жаңбыр суымен арпалысудан шаршағанын айтады. Биыл жоба мақұлданып, үйді жөндеу басталғанына қуанышты.

Шапай Байболатов, Сайөтес ауылының тұрғыны:

- Бұл үйде әуелден теміржолдың үйі ұқсаған шифері жоқ болды. Үсті тек битуммен жабылған. Битум ол тозады. Тесігін бітейміз, оның басқа жерінен жарылады. Қыстың аязы мен жаздың ыстығымен. Сонымен сол бітегенімізден пайда болған жоқ.

Екіқабатты үйлердің жертөлесі де әбден тозып тұр. Кәріз, жылу және су құбырлары толық ауыстыруды қажет етеді. Ауыл әкімінің сөзінше, оған бөлек конкурс жарияланады.

Айта кету керек, бұрын теміржол, мұнай тасымалдау мекемелеріне тиесілі болған баспаналардың құжаты жоқ. Жауапты мамандар: «мәселе оң шешіледі», – деп сендіріп отыр. 

Салтанат Дәлуова, Сайөтес ауылы әкімінің м.а.:

- Қалған жағы алдағы уақытта еншісінде деп есептейміз. Өйткені қазір тендер дейміз ғой. Жеңімпаз әзірге осыған келісіп тұр. Қаржының бөлінуіне, өзінің мүмкіндігіне қарай. Қасбеті жөнделгесін сұраныс бойынша подъезді де қосып отырмыз. Соған келісіп, осы 15 үйді жасауға жұмыстанып жатыр.

Ершат Эльбрус, мердігер мекеме өкілі:

- 18 үйдің 8-ін аяқтадық. Қазіргі таңда 5 үй жасалып жатыр. Қыркүйекке дейін мерзіміміз бар. Мерзімге дейін аяқталатынына кепілдік береміз. Үйдің сырт келбеті, яғни фасады, сосын шатырының ағашы металочерепицаға түгел ауысады.

Апатты деп танылған 3 үй биыл сүріледі. Тұрғындарға уақытша панажай табуға кеңес берілген. Жоспар бойынша алдағы уақытта жер телімі бөлініп, жаңа баспаналар салынады. Сайөтеске №10 теміржол бекеті жақын орналасқан. Мұнда дәл осындай 4 үй бар. Олардың қасбетін әрлеу жұмыстары мерзімінде аяқталған. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Александр Убейкин.