Талды ауылының балалары апатты мектепте оқып жүр

Қарағанды облысының Талды ауылында балалар қабырғасы қақырап, іргетасы сөгілген мектепте оқып жүр, деп хабарлайды 24KZ.

Білім ошағының ғимараты қазір темір құрсаудың көмегімен тұр. Оған да біраз жыл өткен. Ал жаңа мектеп құрылысы кестеден кешігіп жатыр. Оған не себеп?

Әйгерімнің мектеп жасындағы 2 баласы бар. Үлкені 2-ші, кенжесі даярлық сыныбында оқиды. Өзі де мектепте жұмыс істейді. Ғимарат апатты жағдайда болғандықтан, үнемі үреймен жүреміз, – дейді ол.

Әйгерім Бағдатқызы, Талды ауылының тұрғыны:

- Дәл қазір құлап қалады деген ойда емеспіз. Бірақ апаттық жағдайда тұр. Қауіп бар. Әрине, уайымдаймыз. Жаңа мектебіміз ашылса екен тезірек. Балаларымыз соған барса екен. Жаңа дүниелерді көрсе екен. Мектептің қазіргі заман талабына сай болғанын қалаймыз.

30 жылдан астам уақыт бұрын салынған мектептің әу баста жері дұрыс таңдалмаған. Бұрын қазан шұңқыр болған аумақтың топырағы дұрыс нығыздалмаған, – дейді тұрғындар. Салдарынан 2006 жылдан бастап қабырғасы жарылып, іргетасы сөгілген. Сол кезде қауіпсіздік үшін айналдыра темір құрсаулармен тартып қойыпты. Олар да түгел босап, былқ-сылқ етіп тұр. Қазір мұнда 184 бала білім алып жүр. 60-қа жуық мұғалім жандарын шүберекке түйіп, сабақ өткізуге мәжбүр.

Алтын Құсаинова, мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары:

- Жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Қазіргі уақытта сондай өзгеріс жоқ. Сол қалпында сияқты. Дегенмен қауіп бар. Қорқамыз, жаңағы опырылып жатқан фундаментті көрген кезде, қабырғалары жарылған кезде.

3 жыл бұрын білім ошағына техникалық сараптама жүргізілді. Мамандар ғимарат 70%-ке дейін апатты жағдайда деген қорытынды шығарған. Құжатта мектеп түгел бұзылуы тиіс деп жазылған. Осыған байланысты шұғыл жер комиссиясының қорытындысы шығарылып, жаңа мектеп салуға жер бөлініпті.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Негізінен Талды ауылында жаңа мектеп салынып жатқаны рас. Алайда 200 орынға арналған екіқабатты білім ошағының сағызша созылған құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Жоспар бойынша құрылыс 2022 жылы басталып, биыл күзде оқушылар жаңа мектепке кіруі тиіс еді. Алайда іргетасының сапасыз болуына байланысты жұмыс орта жолдан тоқтапты.

Ербол Жоламан, Қ. Аманжолов атындағы ауылдық округ әкімі:

- Фундаменті, жерінде кішкене ауытқулар болды. Соған байланысты кішкене тоқтады. 2023 жылы аяқталуы керек болатын. Оған кішкене тоқтаңқырап қалды. Енді биыл, міне, қайтадан жалғасып, жұмыстар жасалып жатыр.

Мектеп құрылысына 1 миллиардтан астам теңге бөлінген. Оқушылар жаңа білім ошағына тек 2025 жылы ғана кіреді. Көңілі алаң ата-аналар мен ұстаздар мектеп сапалы салынып, тезірек тапсырылса екен деп күтіп жүр.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.