Жыл сайын 150-ге жуық отандасымыз құлдыққа түседі

Елімізде жыл сайын 150-ге жуық отандасымыз құлдық құрығына түседі. Әсіресе бұрымдыларды жезөкшелікке мәжбүрлеу күрт көбейген, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгін Мәжіліс қабырғасында адам саудасына қатысты заң жобасы қабылданды. Жаңа құжат тағдыры тәлкекке түскендерге араша бола ма? Мамандар не дейді?  

Елімізде адам сату қылмысы тыйылмай тұр. Жыл сайын 150-ге жуық іс анықталады. Дені – жыныстық құлдықта ұстау дерегі. Көбі оңай ақша, жайлы жұмыс іздеп шалт басады. Жеңгетайлар айланың сан түрлі жолын меңгерген. Тапқан адамын тез арада шетел асыруға тырысады. Себебі Оңтүстік Корея, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктерінде жезөкшелік қызметке сұраныс жоғары.

Әлібек Оразалы, ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқарма бастығының орынбасары:

- Адам саудасына байланысты жыл басынан 93 факті тіркелді. Бұл жерде жаңа туған балаларды сатудан бастап үлкен адамдарды мәжбүрлеп сату. 11-15 адамдардың өздері де кейде ақша үшін келісіп жатады. Тоқсан сайын жедел профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Ауылдық аймақтарда, мал жайылымдарында немесе моншаларда сауда деп жатамыз, құлдықта болуы мүмкін адамдарды тексеру мақсатында.

Иә, «құл ұстағыштар» өз елімізде де жетіп артылады. Әсіресе Алматы, Астана, Шымкент пен Қарағанды, сондай-ақ еліміздің батысында жағдай күрделі. Қазіргі таңда 111 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Қожалықтағы қожайын-сымақтар да көп жағдайда қылмысқа барады. Алдап-сулап малын  бақтырғаны былай тұрсын, өзгенің өміріне өзім би, өзім қожа деп санайтын секілді. Мәселен, Ақтөбе өңірінің Хромтау ауданында жұмысқа заңсыз жегілген 3 әйел құтқарылды. Ал қылмыскер 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Десе де қылмысты дәлелдеу әркез оңайға соға бермейді.

Гүлнұр Едігеева, сарапшы:

- Жеке қожалықта жұмыс істеп жүргенде құжаты жоқ, кете алмайды, сонда алып келіп, бұл жерде қылмыс бар деген кезде полиция қызметкерлері «қолында телефоны болды ғой, неге ол кісі хабарласпады полицияға» дегенде осал жағдайды ескермейді. Бұл жерде қорқыныш болды, бұл жерде мәжбүрлеу болды, оған дейін ұрып-соғу болды дегендей. Полиция қызметкерлері ондай жағдайды қабылдамайды.

Сондықтан мамандардың жалғыз үміті Мәжілісте қабылданған жаңа заң жобасы.

Жанғали Кенбаев, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық сарапшы:

- Жаңа заңда осал жағдай, адам саудасының құрбаны, адам саудасының ықтимал құрбаны деген ұғымдар пайда болды. Егер қылмыстың қандай да бір белгісі байқалса, бірден көмек беріледі. Сонымен қатар интернеттегі адам саудасына қатысты арнайы тармақ енгізілді. Оның ішінде жезөкшелік, жыныстық қызметті насихаттап, жарнамалағандар жауапкершілікке тартылады. Бұдан бөлек, 16 мен 18 жас аралығындағы тұлғалардың жыныстық қызметіне жүгінгендерге де тиісті шара қолдану көзделген.

Қазір адам мен адам ағзасын ұрлағандарға 18 жылға дейін жаза кесіледі. Жалпы адам саудасы Қазақстанда ғана емес. Бұл – ескірткі, қару сату сынды әлемдік мәселе. Сондықтан табандылық пен жүйелі жұмыс керек.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Диас Қобланбаев.