Кәсіпкерлер құқығын қорғау күшейтіледі
Кейбір экономикалық құқықбұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік алынып тасталып, әкімшілік жаза тағайындалады.
Мәжіліс кәсіпкерлер құқығын қорғауға бағытталған заң жобасын мақұлдады. Депутат Абзал Құспанның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 4-бабы өзгертілді. Атап айтқанда, кредитті заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану және бухгалтерлік есеп туралы заңнаманы бұзғандар үшін енді әкімшілік жаза қолданылады. Бұл түзетулер бизнес жүргізуді әділ әрі қолайлы ету, кәсіпкерлердің шығынға ұшырауына жол бермеу мақсатында енгізіліп отыр.
Жеңіс Елемесов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары:
- Қылмыссыздандырудың басты мақсаты – бизнесті қорғау. Қазір осы мәселеге барынша назар аударылып отыр. Біз кәсіпкерлік субъектілері үшін жазаны жеңілдетуді көздейтін кейбір қылмыс түрлерін белгіледік. Қандай мақсатта декриминализациялау жасалатынын Мәжілісте біраз талқыладық. Біздің ойымызша, кейбір мәселелер бойынша қылмыстық жауаптылықтан гөрі тиімді әкімшілік шара қолдануға болады.