Нәрестелерді сату бойынша 3 қылмыстық факті тіркелді

Биыл елде нәрестелерді сату бойынша 3 қылмыстық факті тіркелді. Әр сәбидің бағасы 100 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін саудаланған, деп хабарлайды 24KZ.

Былтыр осындай 19 дерек анықталып, кінәлілердің басым бөлігі жауапқа тартылды. Бұл жайында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді. Сондай-ақ жыл басынан бері «жеңгетайлық» бойынша 67, адам саудасына қатысты 7, адам ағзасын саудалауға қатысты 3 дерек тіркеліп отыр. Енді адам саудасымен күрес күшейтіледі. Мәжіліс тиісті заң жобасын қабылдады. Онда адам саудасы құрбандарының, кәмелетке толмағандардың құқықтары айқындалған. Сонымен қатар мұндай қылмыстарға қатысушылардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталады. Интернет арқылы жыныстық қызмет көрсетуді ұйымдастырғандарға қылмыстық жауаптылық көзделген.