Ұлытау облысында ₸4 млрд тиімсіз жұмсалған
Ұлытау облысында жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 4 миллиард теңгеден астам қаржылық және 200-ден аса процессуалдық заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды 24KZ.
Яғни 2022 жылғы бірінші қаңтар мен былтырғы желтоқсан аралығында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымдар, тұрғын үйлер, әлеуметтік объектілер мен жобаларға бөлінген бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған. Жоғары аудиторлық палата отырысында мамандар осындай мәлімдеме жасады. Қазір өңірде су бұру жүйелерін жобалау мен су қоймаларын тазарту жұмыстары тоқтап тұр. Бұдан бөлек, балабақшалар, емдеу мекемелері мен мәдени-спорттық кешендердің тозығы жеткен. Ал жолдар мен әлеуметтік нысандарды салу мерзімі жоспарға сай келмейді. Мұндай кемшіліктерді жою үшін Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов жауапты министрліктер мен Ұлытау облысының және бірқатар қала мен аудан әкімдеріне тапсырма берді.
Юлия Энгель, ҚР Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі:
- Жүргізілген тексеру нәтижесіне сәйкес бірқатар заңбұзушылық анықталды. Қазір бюджетке миллиардтаған шығын келіп тұр. Әкімшілік іс қозғау үшін 112 материал уәкілетті органдарға жолданды.