Елімізде жыл басынан бері 101 бала биіктен құлап жараланған
Жыл басынан бері 300-ден астам адам биіктен құлап жарақат алса, соның 101-і бала. Бұл – Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының дерегі, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір балалардың терезеден құлап мертігуі байынша статистика жүргізілмейді. Алайда оқыс жағдай жиілеп барады. Жантүршігерлік жайттарды әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Ата-ана жауапкершілігін қалай күшейтеміз?
Рухани Асқар, тілші:
- «Ананың ойы балада, баланың ойы далада» екенін көпбалалы ана Айсұлу Асылбекқызы жақсы біледі. Көпқабатты үйде тұрған соң қауіпсіздікке ерекше мән береді. Былтыр терезелерінің біріне тор орнатқан. Енді қалған бөлмелеріндегі сақтық шарасын қолға алмақ.
Айсұлу Әбдіғалиева, қала тұрғыны:
- Баланың құлап кетуіне байланысты ақпараттарды жаңалықтардан болсын, әлеуметтік желілерде болсын көріп, біліп жатамыз. Көбінесе кішкентай балалар ғой. Ересек балаларға тапсырған жағдайдада олар қадағаламауы мүмкін. Өйткені олар да бала ғой. Ата-аналарға айтарым, балаларды үйде қараусыз қалдырмаған жөн.
Балалар травматологы Асылбек Заурбековтің айтуынша, бала үшін қауіптің ауыр-жеңілі жоқ. Жарақат бөлімі бір тәуліктегі кезекшілік кезінде 250-ден 400 балаға дейін қабылдайды. Соның ішінде биіктіктен құлау жағдайлары аз емес. Әсіресе, жаз маусымында жиілейді.
Асылбек Заурбеков, №2 Көпсалалы балалар ауруханасының травматологы:
- Өз бойының көлемінде құласа да, 1-2 метр, мысалы, көпқабатты үйді айтар болсақ, ол кемі 3 метр биіктік болады. Ең бірінші жарақат ол – бас-ми жарақаты. Біз содан қорқамыз. Содан кейін қол, аяқ сынығы, ішкі органдар зияны болуы мүмкін. Бүйрек, бауыр бар. Қай жерден құласа да, ол қауіпті, қай биіктік болса да.
Емдеу мекемесіне былтыр терезеден құлаған 31 бала түскен. Биыл алғашқы 4 айда осындай жағдайда 13 бала жарақат алып, ем-шара қабылдаған. Көбі 3-4 жасар бүлдіршін. Кейде 10 жасқа дейінгі балалар абайсызда зардап шегеді.
Асылбек Заурбеков, №2 Көпсалалы балалар ауруханасының травматологы:
- Есіме түскен жағдай, осыдан екі жыл бұрын бала 7-қабаттан құлады. Баланы алып келді, 7-қабаттан талға құлаған. Сырғып, жерге түскен. Күз уақыты болу керек, жапырақтар кішкене құлау күшін әлсіреткен. Енді «періште қақты» дейді ғой, денесінде сынық жоқ. Бас-ми шайқалу қойылды. 8 жасар бала ғой деймін есімде қалғаны.
Жаз кезінде зәулім үйлердің есік-терезелері ашық жатады. Құтқарушылар балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Мамандар ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын ширатып келеді.
Ажар Рүстемова, қалалық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:
- Жыл басынан мектептер аралығында 50-ден астам сабақты өткіздік. Балалардың апат болуына және жарақат алуына жол бермеу бойынша. Сәуір айында, мысалы, балабақшаларда «Қауіпсіздік» деген байқау өткіздік. Сол шараны өткізгенде біз тек өрт қауіпсіздігі шарасына ғана назар аударған жоқпыз, төтенше жағдайларда және балалардың апат болуына назар аударып, тәрбиешілердің, ата-аналардың назарын аудардық.
Құтқарушылар балалар қауіпсіздігі үшін 4 маңызды ережені қаперде ұстау қажет дейді. Біріншісі – үйде сәби болса, терезені ашық қадырмау керек. Екіншісі – терезелерді қауіпсіздік торымен, қорғаныш құралмен жабдықтау маңызды. Шыбын-шіркейден қорғайтын тор қауіпсіздікке кепілдік бермейді. Үшіншісі – үстел, төсек секілді жиһаздарды терезеге жақын орналастырмау керек. Және төртінші – басты ереже – ата-аналар балаларға қауіп туралы ұдайы ескертіп отыруы абзал.
Авторлары: Рухани Асқар, Абдулхамит Бөлекбаев