Маңғыстаулық шекарашылар 2,3 млрд теңге шығынның алдын алды

Маңғыстаулық шекарашылар мемлекетке келетін 2,3 млрд теңге шығынның алдын алды, деп хабарлайды 24KZ.

1 сәуірден бері республикалық «Бекіре-2024» акциясы жүріп жатыр. Су айдынын бақылау кезінде шекара бұзған 66 адам ұсталып, 61 қайық тәркіленді. Заң бұзушыларға 7 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Шекарашылар теңіз бетінен жалпы ұзындығы 263 шақырымға жететін браконьерлік ау құралын жинап алған. Тірі күйде табылған 1100-ге жуық бекіре мен 70-ке жуық итбалықты табиғи мекеніне қайтарды.

Асхат Жанәбілов, ҚР ҰҚК ШК Маңғыстау облыстық департаментінің өкілі:

- Акция балықтар мен су жануарларының табиғи өсімін қорғауға бағытталған. Браконьерлер жиі кездесетін аумақтарда мобильді топтар мен жылжымалы бекеттер тәулік бойы қызметте тұр. Заңға қайшы әрекет еткен 3 қазақстандық азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құрлықта әр жерге жасырылған 207 бекіре табылды. Олардың жалпы салмағы 900 келіге жуықтайды.