Абай облысында ескірген емханалар жаңартылады
Биыл Абай облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 65 медициналық нысан бой көтереді.
Елді мекендердегі әбден тозығы жеткен емдеу мекемелері жаңғырады.
Мәселен, Бородулиха ауданындағы дәрігерлер науқастарды ескі ғимаратта қабылдап отыр. Жергілікті билік бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген емханаларды жаңартуға қаражат сұратқандарын айтады. Бұған шамамен 400 млн теңге керек.
Вера Сидорованың Новопокровка ауылында тұрғанына 50 жылға жуықтаған. Бұрын «ауыл тұрғындары осында жатып ем қабылдайтын, тіпті әйелдер емханада босанатын» деп еске алады. Сол уақыттан бері амбулатория жөнделмеген. Іші қыста суық, электр қуатымен жылытылады. Ал дәретхана далада.
Вера Сидорова, Новопокровка ауылының тұрғыны:
- Өте жақсы аурухана болатын. Науқастар осында жатып, ем қабылдайтын. Қазір кішкентай амбулатория болып қалды. Содан бері жөнделмеді.
Фаина Абыжбаева, Новопокровка ауылының тұрғыны:
- Іші өте суық. Дәрі қабылдаймын дегенше қатып қаласың. Жөндеу қажет әрине. Ескі дәретхананың ішіне кіру мүмкін емес,қорқынышты. Оны да жаңарту керек.
Зенковка ауылындағы көрініс те дәл осындай. Екі мыңнан астам адамға қызмет көрсететін жергілікті амбулаторияның жағдайы көңіл көншітпейді. Ал Дмитриевка ауылындағы медпункт алты жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Ішіне су тартылып, кабинеттер жаңарған. Аумақты абаттандыруға жергілікті кәсіпкерлер жәрдемдескен. Жалпы Бородулиха ауданында 40 мыңға жуық халық тұрады. Оларға 9 дәрігерлік амбулатория мен 19 медициналық пункт қызмет көрсетеді.
Марат Қосанбеков, Бородулиха аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Жобалау-сметалық құжаттарды дайындап қойдық. Мемлекеттік экспертиза да дайын. Тек қана қаржы бөлінуін тосып отырмыз. Қаржы бөлініп бәрі жақсы болса, күрделі жөндеу жұмыстары биыл жүргізіледі.
Ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін облысымызға танымал блогер, кәсіпкер әрі заңгер Руслан Кибке көтерді. Оның сөзінше, Премьер-Министр Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласына басымдық беруді тапсырған. Бірақ ауылдардағы жағдай әлі сол қалпында.
- Амбулаториялардың жағдайы нашар. Кеңес дәуірінен бері ештеңе жөнделмеген. Бәрі сол кезден бері қаз-қалпында тұр. Мәселені шешу үшін әрбір елді мекенде, ауылдық округте жаңа амбулаториялар салынуы керек.
Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша 65 жаңа дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік және медициналық пункт салу жоспарланған. Бұған республикалық бюджеттен 10 миллиардтан астам қаржы бөлінеді.
Талғат Молдабеков, Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Ескірген ғиамараттардың орнына 65 жаңа нысан салынады. Оның ішінде 10 дәрігерлік амбулатория, 15 фельдшерлік-акушерлік пункт және 40 медициналық пункт. Қазір 51 нысан бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды, мердігері анықталды. Жоспар бойынша құрылыс 2024 жылы қараша айында аяқталады.
Абай облысында Жедел медициналық жәрдем көліктерін жаңарту да жоспарланған. Қазір медициналық мекемелердің автопаркі 70% тозған. Жыл соңына дейін 93 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынады.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы