Петропавлда құрылыс жасағына алғашқы 80 студент қабылданды
Петропавлда «Ауыл жастары» деп аталатын құрылыс жасақтары құрылды, деп хабарлайды 24KZ.
Олар көктемгі тасқынннан зардап шеккендерге үй салып, жаз бойы сол аумақтарда еңбек етеді. Қатарға қабылданған жас мамандар салтанатты шеру өткізіп, алғашқы жұмыс күніне кірісті.
Бүгін құрылыс жасағына алғашқы 80 студент қабылданды. Олар жаз бойы көктемгі тасқыннан зардап шеккендерге үй тұрғызады. Салтанатты шеру барысында аға буын өкілдері жастарға ақ жол тілеп, құрылыс алаңына шығарып салды.
Серік Егізбаев, «Ауыл» ХДПП төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі жеке келіп, тұрғындармен кездесіп, жағдайды біліп, Үкіметке, тиісті мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмаларды берді. Президентіміздің сол кезде басқа өңірлердің тұрғындарымен кездескенде бір берген уәдесі бар, «ешкім көмексіз қалмайды, ешкім назарсыз қалмайды» деген. Сондықтан ол – баршамыздың азаматтық борышымыз.
Қатарға қабылданғандардың бірі – Мұхаммедамин Уәлихан. Ол – Петропавлдағы колледждің 3 курс студенті. Жас маман жазда демалудың орнына ақша тауып, үйсіз қалған отбасыларға көмек бермек.
Мұхаммедамин Уәлихан, студент:
- Бұл жерге келген себебім, өңірдегі болып жатқан жағдайларға байланысты баспанасыз қалған отбасылардың тез-тез баспаналы болуына көмек қолын көрсеткім келеді және де, бір жағынан, мен өзім тәжірибе аламын бұдан. Сонымен қатар айлыққа жұмыс істеп, ақша табамын, бір жағынан.
Қазір қала шетіндегі ықшамауданда 500 үй салынып жатыр. Олар тұрғындарға дайын күйде тапсырылады. 10 сотық жер қоршалып, абаттандырылады. Бұл мақсатқа «Қазақстан халқына» қоры мен еліміздің ірі компаниялары қаржы бөлді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Енді студенттер жаз бойы осында жұмыс істейді. Осылайша, олар тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың тезірек үйлі болуына азды-көпті үлесін қоспақ.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.