ШҚО-да 3 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды
Оларға мемлекеттік қызметтің барлық түрі көрсетіліп, тиімді несие де беріледі, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл өңірде жеке кәсіпкерлер 48 инвестициялық жобаны жүзе асырып жатыр. Облыстық прокуратура және облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегімен аудандардағы шағын бизнес заңсыз тексеруден босатылады. Күрделі мәселелер бүгін бизнес форумда талқыланды.
Шемонаиха қаласындағы дүкендер мен дәріханалардың, сондай-ақ шағын кәсіпорындардың иелері салада қордаланған мәселелердің барын жасырмайды. Түйткілді түйіндер жыл сайын кәсіпкерлердің құқығын қорғау форумында көтеріледі. Биыл да прокуратора, полиция, санитарлық қызметтер мен кәсіпкерлер палатасының мамандары қордаланған мәселелерді шешу мақсатында жиын өткізді. 50 мың тұрғыны бар аудан үшін мұндай басқосудың маңызы зор. Қазір аудан орталығы мен ауылдарда 2 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Нұржан Қуатбеков, Шемонаиха ауданының прокуроры:
- Қазіргі таңда прокуратура органдарымен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Бұл жұмысты бұл бағытта жалғастыратын боламыз. Осы орайда прокуратураның қасында кәсіпкерлерді қорғау мобильді тобы бар.
Биыл қаңтар-сәуір айларында Шемонаиха ауданының кәсіпкерлері миллиард теңгеден астам салық төледі. Сондықтан жеке инвестициялық жобаларға қолдау көрсету ерекше бақылауда. Шаруа қожалының басшысы Тарбиз Фараджев қазір ауылдастарын сумен қамтып отыр. Қолындағы ұңғымаларды күтіп ұстау оңай шаруа емес. Жергілікті әкімдікке өткізу үшін бағалау акті талап етілді. Ал оның бағасы қымбат.
Табриз Фараджев, кәсіпкер:
- Біз шаруа қожалығы ретінде мұндай ауыртпалықты көтере алмағасын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне тегін беруге дайын болдық. Ал ол үшін бағалау қажет екені айтылды. Оған миллиондаған қаржы керек. Бүгін кәсіпкерлер палатасы мен прокуратура мәселені шешіп берді.
Орталық аудандық аурухананың тауар жеткізушілер мен қызмет көрсетушілер алдындағы қарызын өтеу мәселесі дереу шешуді қажет етеді. Берешегі шамамен 300 млн теңге. Медициналық мекеме басшылығына мемлекеттік сатып алу көлемін қайта қарау ұсынылды.
Қайрат Мамырбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
- Мұндай мәселе жыл сайын барлық ауруханада қайталанып отыр. Бюджет қаражатын дұрыс жоспарламағаннан кейін осындай келеңсіздік болады. Өткен жылы бір 6-7 аудан бойынша осы мәселені көтердік.
Қазақстандық фармацевтер бүгін дәрілік заттарды таңбалау мәселесін талқылап жатыр. Дәрі-дәрмектерге арналған белгілер 1 маусымнан бастап енгізіледі. Дәріхана бизнесін қолдау мәселесі қазір маңызды. Шалғай ауылдарға да қажетті дәрі-дәрмекті жеткізу жолдары қарастырылып жатыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов.