Республика көлемінде «Өрт-2024» оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр
Алдағы жаз айлары әдеттегіден ыстық әрі құрғақ болады деп күтіліп отыр.
Сәйкесінше табиғи өрт қаупі күшейеді. Былтырдың өзінде 116 мың гектардан астам орман қоры өртеніп кеткен. Биыл тілсіз жаудың алдын алу үшін Республика көлемінде «Өрт-2024» оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр.
Ақмола облысындағы Сандықтау ауданының жер бедері таулы әрі орманды. Онда өртке қарсы жаттығу жұмыстарын жүргізу өте күрделі болғандықтан әдейі таңдалып алынған. Сценарий бойынша өрт сөндірушілер күннің күрт ысуынан тұтанып, желдің ұйытқуынан күшейген қызыл жалынмен арпалысты. Тілсіз жауды тоқтату үшін жерден де, әуеден де техникалар жұмылдырылды.
Думан Дәлешов, Ақмола облысы мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
- Алгоритм кестесіне сәйкес 1 гектарға 2 техника, 12 адам жұмылдырамыз. 3 гектарға 3 техника, 24 адам жұмылдырамыз және 5 гектарға 4 техника, 34 адам жұмылдырамыз. Бізде қазір тікұшақтар 3 гектардан басап 1 тікұшақ жұмылдырады. 10 гектардан асатын болса, 2 тікұшақ жұмылдырады.
Тілсіз жаудың уақыт пен орын таңдамайтыны белгілі. Сол үшін төтеншеліктер төтеден төнген қауіпке тосыннан тойтарыс беруге әркез дайын болу керек. Жаттығудың да мақсаты осы болатын. Жиынға Төтенше жағдайлар министрлігінен бөлек, Экология және Табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті облыстық әкімдік өкілдіктерінен барлығы 300-ден астам адам, 100-ге жуық техника жұмылдырылды.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Ең бастысы, бүгінгі таңда біздің қойып отырған бағытымыз – салдарымен емес, себебімен күресу, болдырмау. Ал болған кезде мүмкіндігінше шығынын азайтып, тез арада өрт ошағын сөндіру.
Іс-шара басшылықтың көңілінен шығып, жоғары деңгейде өтті. Соңында жергілікті мамандарға су жаңа 10 өрт сөндіру көлігі табысталды.
Айта кетейік, қазір еліміздің әр өңірінде өртке қарсы оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр. Басты мақсат – дала өртінің алдын алдын алу.
Авторлары: Мерей Қанапия, Дияс Қобыланбаев, Қобыланды Өтегенов.