Елордаға төрт млн түп гүл егіледі
Биыл Астанада 4 млн-ға жуық гүл егіледі, деп хабарлайды 24KZ.
Гүл көмкерген мүсіндер де қалаға көрік бермек.
Ал олар қайда өседі? Кімдер баптайды?
Зарина Кәп, тілші:
- Иісі жұпар аңқыған бұл гүлдер осындай арнайы жылыжайда өседі. Ақпаннан бастап тұқымы егіліп, жылы температурада бапталады. Сыртқа шығармас бұрын бағбандар суыққа және қатты ыстыққа төзімді болу үшін бір жетідей табиғатқа бейімдейді.
«Бұл гүлдің атауы қазтамақ. Күтімінде қиындық жоқ, үнемі қадағалап тұрсаңыз 3-4 айда өсіп шыға келеді. Емдік қасиеті де бар. Тамырынан немесе кепкен шөбінен алынған тұнбаны ішсе, бүйректегі тасты ерітеді, сондай-ақ баспамен ауырғанда тамақ шаюға болады. Құлағыңыз ауырса, күлтесін салып қойсаңыз суықты алады», - дейді бағбан Алтыншаш Исина.
Алтыншаш Исина, бағбан:
- Бұл қазтабаққа ондай күтім керегі жоқ. 9 градус суыққа да шыдайды және ыстыққа да шыдайтын гүл. Көп су сұрамайды. Ең қиын гүліміз агератум болады. Агератум өскен кезде пикировка жасайтын кезде жапырақтары бір-біріне жабысып, солай өседі. Оның бәрін іріктеп алып, жапырақтарын жұлып алмай, мынандай касеталарға отырғызамыз.
Жылыжайларда қазтамақ, ақсәуле, шырайгүл, барқытгүл сынды 3 млн-нан астам гүлді 80 нен астам бағбан баптайды. Ол қаланың 80 мыңға жуық аумағын қамтиды. Кейінгі жылдары көпжылдық гүлдердің көлемін арттырып келеміз дейді мамандар. Себебі біржылдық гүлге қарағанда шығын аз, күтімі жеңіл.
Бақтияр Шаймұхаметов, бас аграном:
- Тұқымдарды біз негізінен мемлекеттік портал арқылы. Негізінен шетелден келетін тұқымдар Еуропа, Америка сол жақтардан келетін тұқымдар. Байқасаңыз, кейінгі жылдары көпжылдық гүлдердің көлемін өсіріп келе жатырмыз. Мысалы өткен жылы 4 млн-ға жуық 1 жылдық гүлдер болса, биыл 3,5-3млн 600 мың шамасында бір жылдық гүлдер бар. Жыл сайын бір жылдық гүлдердің санын азайтып жатырмыз.
Гүлден бөлек, жасыл желек жамылған мүсіндер де орнатылады. Оның гүлдерін осы жылыжайда жыл бойы арнайы мүсінге арнап баптайды.
Бақтияр Шаймұхаметов, бас аграном:
- Бұл мүсіндерді біз 1 жыл бойы осы жерде күтіп баптаймыз. Осы өсіру үрдісі бізде үзілмейді. 1 жыл бойы жалғаса береді. Оларды көбейтетін өсімдіктер болады. Сол арқылы жыл сайын осы жасыл мүсіндерге арнап шығарамыз.
Былтыр 1 миллионға жуық жасыл желек отырғызылған. Биыл да осы көлемді қысқартпай, 1 миллионға жуық көшет отырғызу жоспарланған.
Уәлихан Қуанышев, қоршаған ортаны қорғау басқармасының табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі:
- 2024 жылы 1 миллионға жуық өсімдік отырғызуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 35 мың ірі ағаш егіледі. Оның 746 мыңнан астамы бұталар, сәндік және көпжылдық гүлдер. Сенбілік басталғалы 200 мыңға ағаш пен гүл егілді.
Бүгінде елордада 1 ботаникалық бақ, 12 саябақ, 8 бульвар және 100-ден астам қоғамдық бақ бар. Қаладағы жасыл желекті орындардың саны 2 миллионға жуық. Аумағы 15 мың гектар жасыл аймақта 13 миллионнан астам ағаш өседі.
Авторлары: Зарина Кәп, Мерей Талап