Велосипедшілердің заңға бағынбауынан жол апаттары көбейді
Жер аяғы кеңіді. Велосипедшілер жолға шықты, деп хабарлайды 24KZ.
Олардың көбейгені жақсы бірақ қауіпісіздік мәселесі қалай? Осы біз велосипедке жеңіл қарап жүрген жоқпыз ба?
Бір анығы, темір атқа мінген де, мінбеген де жол ережесін жақсы білуге тиіс.
Жол ережесін тек автокөлік жүргізушілері ғана емес, велосипедшілер де бұзып жатады. Мысалы, мына азаматтар жаяу жүргіншілер жолағынан велосипедін жетектеп өтуі керек еді. Алайда талапты орындамай, ескерту алды.
Досжан Қазиев, Астана қалалық полиция департаменті патрульдік полиция полкінің аға инспекторы:
- Ең бірінші осы жолда жүру ережелерін бұзу қиылыстан өту болып табылады. Соған орай біз қазір велосипедшілерді тоқтатып, алдын алу іс-шараларын жүргіздік.
Велосипедшілерге қойылатын бұдан басқа да бірнеше талап бар. Оларды орындамаған жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, 18 мың теңгеден астам айыппұл салынады.
Таңат Асылжанов, әкімшілік полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Бізде велосипед жүргізушілері автомобиль жолдарының оң жақ жиегімен тек қана 14 жасқа толған азаматтар ғана жүре алады. Олар арнайы шлемде болуы керек. Түнгі уақытта жарық сезетін жилеттер болуы керек. Бір қолмен ұстап жүргізуге тыйым салынады. Велосипедте адам тасымалдаушы арнайы құрылғы болмаса, адам тасымалдауға болмайды.
Веложолақпен жүруді де ұмытпаймыз. Астана қаласында жалпы ұзындығы 149 км веложол салынған. Алайда жүргіншілердің қолайлы қозғалысы үшін 19 жолды байланыстырып, қаланың басқа аудандарын веложолақпен қамту жұмыстары жүріп жатыр.
Сағыныш Сағынтаев, Астана қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану бөлімінің маманы:
- Бірінші міндетіміз бұл – таза Қорғалжын тасжолын Жасыл белдеуге дейін. Екінші толығымен Тұран даңғылын және мынау сол жағалаудан бастап Сығанақ, Айтматов және де одан кейін оң жағалаудағы Бейсекова көшесіне дейінгі әжептәуір үлкен участок, соны веложолмен қамту қарастырылып жатыр. Тек қана қала аумағын ғана емес, қала сыртындағы жасыл белдеу аумағын толық қамтып, сақина түрінде қамту жоспарланып отыр.
Велосипедшілердің заңға бағынбауынан болған жол-көлік оқиғаларының саны биылғы 4 айда былтырғы 4 аймен салыстырғанда 1,5 есе өскен. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам опат болған. Ал биылғы апат саны – 42. Екі адам өмірімен қоштасты.
Сондай қайғылы жағдайдың бірі жақында ғана Бурабайда болған еді. Жасөспірім велосипед теуіп келе жатып, ағашқа соғылған. «Оның басты себебі – қауіпсіздік шараларының сақталмауы», - дейді маман.
Амилия Искакова, велоспорт жаттықтырушысы:
- Шлем тағу ең қарапайым әрі негізгі қауіпсіздік шарасы. Бірақ оған көбі мән бермеуге тырысып, маңызы жоқ деп ойлайды. Бірақ менің өзім, кәсіби велосипедші болсам да, каскасыз қауіпсіздікті сезіне алмаймын. Ешқашан каскасыз жолға шықпас едім. 00:05 Жақында Бурабайда болған қайғылы жағдай каска кимеудің салдары болуы мүмкін. Жалпы ондай еңісті жолдарда қатаң дайындықсыз немесе жеткілікті тәжірибесіз велосипед теппеген жөн.
Инструктор:
- Ең алдымен тежегіштердің істеп тұрғанына көз ждеткізуіміз керек. Келесі кезекте дөңгелектерді тексереміз. Оларды қысып көргенде қатты болса, жүруге жарамды деген сөз. Ал егер бос болса, қатайтып алған жөн. Одан кейін отырғыштың бойымызға сәйкес келуін қадағалаймыз. Мысалы мынау мен үшін аласа, сондықтан осындай деңгейге көтеріп аламыз да, отырып тексереміз. Табанымыз жерге толық тимей тұрса, ештеңе етпейді, ең бастысы, аяқты педальге қойған кезде тік болуы керек. Мысалы қазір қатты бүгіліп тұр. Демек, отырғышты әлі де көтеру керек. Ал енді тексерейік. Міне, аяғымыз тіктеліп, сәл ғана бүгіліп тұр. Осы қалпымызда теуіп кете беруге болады.
Иә, қарапайым ережелерді ескерсек, өмірімізді және басқаның амандығын сақтап қаламыз. Егер сіз велосипедті бір қолмен сенімді басқарып, педальде нық тұра алмасаңыз немесе дер кезінде тоқтатуды меңгермесеңіз жолға шығуға асықпағаныңыз абзал. Бұл – мамандардың кеңесі.