Есірткі тарату: Жыл басынан бері 19 жеткіншек ұсталған

Енді есірткіні таратумен айналысқандар өмірінің соңына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі жазаның қатаюын көздеп отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Заңға осындай өзгеріс енгізуді Мемлекет басшысы да депутаттарға тапсырды. Себебі нашақорлық қоғамды жегідей жеген кеселге айналғалы қашан. Ең сорақысы, есірткі таратушылардың арасында жасөспірімдер көбейген. Жыл басынан бері мұндай қылмыспен 19 жеткіншек ұсталған.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Бұл – Алматыда орналасқан жасөспірімдер колониясы. Оңай олжаға кенелемін деп қымбат балалық шағынан айырылғандар осы жерде жазасын өтеп жатыр. Біразы есірткі тасымалы ауыр қылмыс екенін түсінбегенін айтады. Алайда оңай олжаға кеңелемін деп опық жеді.

Жазасын өтеуші:

- Ойланбай, жеңіл табысқа қызығып... «Ақша көп береді» дегесін Ютубтан соларды көргесін сондайға бардым. Заңға қайшы, бірақ оған бола балаларды отырғызады деп ойламадым. Иә, өкінемін. Отбасымызға қайтқымыз келеді.

Нұрсұлтан Айтбек, түзеу мекемесі бастығының орынбасары міндетін атқарушы:

- Қазір бұл түзеу мекемесінде 51 адам қамауда отыр. Оның сегізі бұрын есірткі тасымалдаумен айналысқан. Олар 5 жылдан 7 жылға дейін сотталды. Оларға психолог, педагог, теолог сияқты мамандар көмек көрсетіп жатыр.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Сондай маманның бірімен біз де сұхбаттастық. 15 жылдық тәжірибесі бар білікті психолог «жасөспірімдердің мұндай ауыр қылмысқа баруының бірден бір себебі – зиянды заттардың қолжетімділігі», - дейді. Әрі аңғалдық пен өзгелердің ығына жығылу секілді психологиялық осалдық та ықпал етеді. Константин Попандополо ата-анаға бала тәрбиесінде қажет болар құнды кеңесімен бөлісті.

Константин Попандополо, психолог:

- Баланың жасөспірім шағына дейінгі жылдарында ата-ана тәлімгер позициясында болу керек. Қоғамда, отбасында өзін қалай ұстау керектігін үйретіп, ақ-қараны ажыратуға көңіл бөлген жөн. Талапшыл болып, қажетті деңгейде тәртіпке салу маңызды. Ал жасөспірім шаққа жеткен кезде баламен дос бола білу қажет. Ашық тақырыптарда сөйлесіп, сырласып, қиындықтарын ашық талқылауға ыңғай жасауы керек. Осылайша, олқылықтарды дер кезінде анықтауға болады. Бұдан бөлек, жасөспірімдердің бос уақытының дұрыс жоспарланып, өзіне қызықты үйірмелерге қатысуына жағдай жасауды естен шығармаған абзал.

Қазір оқу жылы аяқталып, жасөспірімдердің бос уақыты көбейетін шақ. Ішкі істер министрлігі өкілдері дәл осы кезде ата-аналарды сақ болуға шақырады. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі алдап-арбаушылар жетегіне түсіп қалмасын деп ескертеді. Баланың психологиясы әлсіз екенін қаперде ұстайық.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:

- Ол жерде жоғары жалақымен қызықтырады. Және олардың психикалық тұрғыда әлі күнге дейін өзінің қалыптаспауын пайдалана отырып, қылмыскерлер оларға арам пиғылдарын жүзеге асыруға тырысады. Сіздерді полиция ұстап алса, жібере салады, жасөспірім болған соң аяйды, сіздерге заң көзделмеген деп, былайша айтқанда, алдайды. Ондайға түсіп қалмас үшін біз, әрине, профилактикалық шараларды жүргізіп жатырмыз. Жыл басынан бері 5 мың профилактикалық іс-шара өтті. Соның 4 мыңнан астамы оқу ошақтарында болды.

Министрлік өкілінің айтуынша, биыл еліміз бойынша 23 есірткі зертханасы жойылды. Оның 12-сі синтетикалық түрін әзірлеумен айналысқан. Қазір құзырлы органның алдында XXI ғасырдың тажалымен күресті күшейту міндеті тұр. Президент Ұлттық құрылтайда есірткі өндірушілердің жазасын қатаңдатуды тапсырған еді. Қолданыстағы қылмыстық кодекс бойынша нашақорлық заттарды кәмелетке толмағандарға өткізгендер 15-тен 20 жылға дейін немесе өмірбақи бас бостандығынан айырылады. «Алайда мұның өзі жеңіл жаза болып саналады», - дейді мамандар. Алдағы уақытта мұндай қылмысқа барғандар үшін бір ғана жаза түрі қолданылады. Қылмыскерлерді өмірінің соңына дейін темір торға тоғыту көзделіп отыр.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Гүлнұр Ерманова