24KZ түсірілім тобы есірткі тасымалдауға қатысты әлеуметтік тәжірибе жасады
Есірткі жасырушылар құқық қорғау органдарының көзіне түспеу үшін делдал ретінде студенттер мен мектеп оқушыларын пайдаланады, деп хабарлайды 24KZ.
Ақшаға қызыққан жастар әдетте оңай олжаға айналады. Бүгін арнамыздың түсірілім тобы Астанада әлеуметтік тәжірибе жасап, жасөспірімдерге ақ қағазға оралған белгісіз затты ақша үшін белгілі бір жерге қоюды ұсынды. Жеткіншектердің әрекеті қандай? Жасырын сауалнама жүргізген тілшіміз Мирлан Алтынбек жалғастырсын.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Қазір елордадағы мектептердің бірінің жанындамын. Мына күдік тудыратын затты оқушыларға жасырын түрде, әрине «ақша» үшін ұсынамын. Олар белгілі бір жерге жасыра ала ма? Немесе мен айтқан сыныптасына тапсыра ала ма? Осыны анықтап көреміз. Әлбетте, ол үшін мен заңсыз дилердің кейпіне еніп, әлеуметтік тәжірибені бастаймын.
Блиц:
- Бір өтініш бар, мынаны мектеп кіреберісіне жасыра аласың ба? Ақша беремін.
- Сен мені танымайсың ғой. Неге алдың? Ендігәрі алма!
- Қай сыныпта оқисыңдар? Мына затты мектеп жанына жасыру керек.
- Жоқ, ала алмаймыз. Бұл закладка болуы мүмкін.
- Тоқтаңдар, неге бас тарттыңдар?
- Өйткені бұл есірткі болуы мүмкін.
- Мінекей, ала қой. Бұл негізі әлеуметтік тәжірибе. Бұрын-соңды осындай жағдай болды ма?
- Неге алдың?
- Білмеймін.
- Мынаны мектептегі баспалдақ астына тығу керек. Ақша беремін.
- Жоқ, керек емес.
- Сендерде қатты төбелесетін әлгі бала бар ғой, кім еді есімі?
- Димаш па?
- Иә, сол Димашқа мынаны беріп жіберші.
- Тоқта, бұл негізі әлеуметтік тәжірибе болды. Бұдан былай алма.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Заңсыз, дилер кейпінен шығып, әлеуметтік желіні қорытындыласақ, бүгінгі сауалнамаға қатысқандардың көбі мына күдікті тудырар заттан бас тартты. Бірақ ішінде менің ұсынысыма келіскендер де болды. Бірі мұны ақшаға қызыққанымен түсіндірсе, енді бірі менің көңілімді қимапты. Ең бастысы, бұл осы оқушыларға үлкен сабақ болды деген ойдамыз.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Бағдат Қайыркен