Арыста заманауи көлік-логистикалық орталық ашылады
Түркістан облысының Арыс қаласында Еуропаның «А» стандартына сай келетін бірегей көлік-логистикалық орталық іске қосылады, деп хабарлайды 24KZ.
Нысан 6 гектар аумаққа орналасқан. 300 мың тонна зат сақтауға арналған қоймасы бар. Онда қатты заттар мен көкөніс сақталады. Өнімнің тауарлық қасиетін жоғалтпай ұстап тұру үшін әртүрлі температурадағы арнайы желдеткіштер қойылады. Орталық әзірге 21 мемлекетпен тауар айналымы бойынша келісімге келген. Мамандар мұнда кеден бекеті орналасатынын және тауар бір жерден тіркеліп, есепке алынатынын айтады. Жүкті тиеу-түсіру, тізімге алу, орналастыру барлығы автоматты түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ орталық теміржол тұйығы және ауыр жүк көлік тұрағымен қамтылған. Енді өңірдегі тауарөндірушілер алысқа бармай-ақ өз өнімін осы жерден экспортқа шағара алады. Сырттан келген тауарлар да осы орталықтан өзге өңірлерге жөнелтіледі. Жоба құны – 4 млрд теңге. Заманауи орталық алдағы маусым айында ашылады деп күтілуде. Сол кезде 50-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады.
Алмат Смайылов, көлік-логистикалық орталық директоры:
- Көп компаниялардан ұсыныс түсіп жатыр. Өзбекстанға, Тәжікстанға қант, күрішке қойманың көп бөлігін алсақ деген ойлары бар. Беларусьтен тәтті тағамдар бізге ұсыныс айтып жатыр. Бұл 14,5 мың шаршы метрді 60 мың шаршы метрге жеткізсек деген жоспарымыз бар.