Атырауда бұзылған бөгетті қалыпқа келтіріп жатыр
Атырау қаласының шығыс бетіндегі Соколок каналы бойындағы бөгет бұзылды.
Аталған су арнасы Жайық өзенінен көтерілген суды қалаға жібермей, тікелей Каспий теңізіне бағыттау мақсатында соғылған еді. Алайда шығыстан соққан желдің күштілігінен су кері қайтып, бөгетті бұзып өтіп екінші бөгетке қарай жайылып барады. Қазір бұзылған учаскені қалпына келтіру үшін 30-ға тарта арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Атырау қаласына әзірге қауіп жоқ. Дегенмен, Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл ауылына кіретін жолды су шаю қаупі төнді. Қазір жауапты мамандар қосымша бөгетті нығайтып жатыр. Тасқын судың күшеюіне байланысты Атырау-Индер күре жолы уақытша жабылды.
Ерсін Мәжитов, облыстық ТЖД жұмылдыру тобының аға офицері:
- Жел қарсы соғып, мына бөгеттердің жиектерін су шайған болатын. Оған дер кезінде ТЖД қызметкерлері мен сарбаз жұмылдырылып, таңға дейін жұмыс істеп, қапшықпен көтеру жұмыстарын жүргізді. Кіреберіс жолға техника бөлініп, топырақ көтерілуде. Енді қауіп бар кіреберіс жолды су шайып кетуінде.