Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл
Биыл Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанын 100 жыл.
Егемендік алған жылдары қазақ армиясының еңсесін тіктеген тұлға туралы есті естеліктер көп. Қазір саланың басында батырдың шәкірттері жүр.
Қатаң талап пен темірдей тәртіп. Бұл қасиеттің өзі байтақ далаға иелік ететін Тәуелсіз елді қорғау үшін аздық етуі мүмкін. Ал еншісін енді алып, егемен болған жас мемлекетті күзету тіпті қиын. Білегің мен білімің қатар шыңдалуы керек. Себебі алдыңда шекараны шегендеу міндеті тұр.
Міне, дәл осы ауыр жүкті күллі қазақ Сағадат Нұрмағамбетовке сеніп тапсырды. Қарапайым сарбаздан генерал шеніне дейін жеткен тұлға сенімге селкеу түсірмей, қызметін абыроймен атқарып шықты.
Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы:
- Сағадат Нұрмағамбетовты күллі қазақ өз халқының батыры ретінде таниды. Ол – төменгі сатыдан өз күшімен көтерілген тұлға. Көп сөйлемейді, бірақ дөп сөйлейді. Жағдайдың қиын болғанына қарамастан ол біздің Қарулы Күштеріміздің негізін қалады. Оған ауыр қызмет тапсырылды. Бірақ еңсере алды. Әскерлердің әлеуметтік жағдайына көп назар аударды.
Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы Ақмола облысында дүниеге келді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Беларусь, Солтүстік Кавказ, Украина, Польша майдандарында ұрысты. Тіпті Германияға дейін жеткен. 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарып, Гитлер канцеляриясын шабуылдауға атсалысты. Осылайша, бар болғаны 20 жасында Кеңес Одағының батыры атанды. Қанды қақтығыстан кейін де Қорғаныс саласынан ұзамады. Кейін осы тәжірибесін халқының игілігіне жұмсады.
Абай Тасболатов, генерал-лейтенант:
- Оңай уақыт емес. Өмірде сол кісіні қойғанына ризашылығымызды тағы айтамыз. Неге десеңіз, біздің Қарулы Күштеріміз – сол бұрынғы Кеңес Одағының Қарулы күштері. Одан кейін бізге келгенде бытырап кете жаздады. Алдыңғы уақыттарында. Соны ұстап қалған, дамытқан, алға жүргізген Сағадат. Оны ұмытуға болмайды.
Бүгінде Қарулы Күштер Сағадат салған сара жолмен жүріп келеді. Осы уақыт ішінде шекара шегендеулі, байтақ даланың әр бұрышы күзетулі. Қазір саланы батырдың шәкірттері басқарып жүр.
Бақытжан Ертаев, генерал-лейтенант:
- Тұңғыш рет Қазақстан Қарулы Күштері комитетінің төрағасы болғанын Германияда естідім. Сондай қуаныш алып келді маған, ертерек елге барсам екен. Ертерек сол кісімен амандассам екен деген арман ойға келді.
Иә, Сағадат Қожахметұлы қызметте қатал боғанымен, айналасын жылуға бөледі. Марқұмның көзін көргендер: «қатардағы әр сарбазбен, қол астындағылармен етене араласатын», – деп еске алады. Міне, осы биік болмыс қазақ армиясын мызғымас берік қамалға айналдырды. Батыр 2013 жылы дүниеден озды. Қазір оның атында әскери құрлық институты, сержанттар корпусы мен республикалық әскери мектеп жұмыс істейді. Сондай-ақ І дәрежелі «Айбын» ордені енді Сағадат Нұрмағамбетовтың есімімен аталады.
Авторы: Бекзат Аманов.