Жетісу облысында 100 мыңнан аса оқушы жазғы лагерьге барады
Биыл Жетісу облысында 100 мыңнан аса оқушы жазғы лагерьмен қамтылады, деп хабарлайды 24KZ.
Балалардың дені мектеп жанындағы орталықтарға барса, әлеуметтік санаттағы 9 мыңға жуығы қала сыртындағы сауықтыру лагерінде тынығады. Қазір аймақтағы демалыс орындары маусым алдындағы соңғы дайындығын пысықтап жатыр.
Текелідегі жазғы лагерь теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан. Демалыс орнындағылар маусымға дайындықты көктемде бастады. Алдымен аула мен ғимарат ішін ретке келтірген. Одан кейін қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сыртқы бейнебақылау камераларын орнатты.
Самат Жаңбырбаев, Текелі қалалық балалар мен жасөспірімдерге арналған туризм және өлкетану орталығының директоры:
- Дайындық жақсы. 100% деуге болады. Соңғы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2011 жылы ашылды. Жобалық қуаттылығы – 220 бала. Жаз бойы алты ауысымда болады.
Жетісу облысында биыл 250 оқушыны тарихи мәдени-орындарға апару көзделіп отыр. Жеткіншектерді жазғы демалыспен қамту үшін өңірде 620 млн-нан астам теңге бөлінді. Тиісті мекемелер анықталып, тексерістен өткізілді.
Гүлмира Ахметова, білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Қауіпсіздік басты назарда. Барлық лагерьлерде бейнебақылау камералары орнатылған. Күзетпен қамтамасыз етеміз. Қоршаулары бар. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жетекшілері, денсаулығын қамтамасыз ететін медицина қызметкерлері болады. Сонымен бірге құқық қорғау органдарымен кездесу өткізіліп, қауіпсіздік бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Жасөспірімдер облыстағы 12 лагерьмен қатар Алматы, Қонаев, Көкшетау қаласындағы сауықтыру орындарына жіберіледі. Жалпы биыл өңірдегі 120 мыңнан астам оқушының 85%-ін жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.