Президенттік полк жауынгерлері ант қабылдады

«Айбын» Президенттік полкінің қатарын толықтырған жауынгерлер бүгін ресми түрде ант берді, деп хабарлайды 24KZ.

Енді сарбаздар 1 жыл ішінде әскери өмірдің қыр-сырын меңгеретін болады. Тағы Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін іс-шараларға да жұмылдырылады. Яғни, өзге елдерден келген мәртебелі меймандарды қарсы алу сынды абыройлы міндеттер жүктеледі.

Сайдың тасындай іріктелген жас жігіттер. Бұл өрендер – Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштердің «Айбын» Президенттік полкіне мерзімді борышын өтеуге шақырылғандар. Бүгін – жауынгерлер үшін аса маңызды күн. Әскери ант беру рәсімі.

Айтқұрман Омарбеков, ҚР МКҚ бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштерінің қолбасшысы:

- Бұл маңызды рәсім Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жыл толған күнімен сәйкес келіп отыр. Сарбаздар, сіздер осы батыр бабалардың жолын абыроймен жалғайды деп сенемін. Біздің қатарымызда әскери істің қыр-сырын меңгересіздер, әрі үлкен өмір мектебінен өтесіздер. Жауынгерлік жолда бір-біріңізге серік, тірек болыңыздар.

Отанды қорғау – абыройлы да қасиетті міндет. Бұны үлкен өмірге аяқ басқан әр сарбаз және ант қабылдау рәсіміне келген ата-аналары да жақсы түсінеді. Барлығының тілегі бір – ол әскери борышын абыроймен өтеп шығу.

Сауалнама:

- Тұңғыш балам әскерге келді. Өте қуаныштымыз. Сәттілік тілеймін! Ақ жол!

- Өте қуаныштымын! Абыроймен жақсылап, аман-есен атқарсын енді елінің алдында.

- Аман болсын. Денсаулығы мықты болсын. Енді ананың тілегі сол ғой.

Бүгін Астана мен қатар Алматы қаласында да «Айбын» Президенттік полкінің қатарына қосылғандар ант берді. Әр өңірден Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған жігіттер 40 күн дайындықтан өтіп, әскери өмірдің қыр-сырымен танысып шыққан. Енді 1 жыл ішінде командирлердің бұйрығын бұлжытпай орындап, біліктілік шыңдайтын болады.

Рүстембек Әлкеев, ҚР МКҚ Айрықша мақсаттағы күштері «Айбын» ПП топ командирі:

- Бұл жас сарбаздар Әскери ант қабылдағаннан кейін Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің Алматы және Астана қаласындағы 2 Президенттік полкінде қызметтерін әрі қарай жалғастырады. Олар жауынгерлік және арнайы дайындық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді және басқа да бағыттағы мамандықтарда сабақтар өткізіледі.

Мемлекеттік қызметтің жөні бөлек, жауапкершілігі жоғары. Елдің бірінші тұлғаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бір анығы, бұл қызметке жасы 18-ге толған, бойы 180 см-ден жоғары, денсаулығында кінәраты жоқ ер азаматтар алынады.

Әділхан Әлихан, қатардағы жауынгер:

- 40 күн ішінде біз далалық оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Жас сарбаздар курсын өттік. Өте керемет болды. Біз азаматтық өмірден бөлек, әскери өмірді көріп үйрендік. Өте тамаша. Біздің офицерлеріміз, сержанттарымыз жоғары деңгейде. Бұл жерде қызмет атқару – бізге өте қатты қуаныш. Мақтан тұтамыз.

Жалпы айта кету керек, Отан алдындағы борышын өтеп шыққаннан кейін бұл сарбаздардың Мемлекеттік күзет қызметінде келісімшарт бойынша қалуларына мүмкіндік бар. Яғни, Қазақстан Республикасының Президенті мен өзге де тұлғалардың қауіпсіздігіне жауап беріп, елге абыроймен қызмет ете алады.

Авторлары: Риат Шони, Наурызбай Құрманғазы.