Ақкөлде Сағадат Нұрмағамбетовке арналған ескерткіш ашылды

Ақмола облысының Ақкөл қаласында даңқты қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған ескерткіш ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Қоладан құйылған тас мүсіннің биіктігі 5 метрден асады. Арқаның төсінде дүниеге келген батырдың туғанына биыл 100 жыл. Ол саналы ғұмырын  қазақ армиясының еңсесін тіктеуге арнады. Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі міндетін абыроймен атқарған қаһарманның есімі ел есінде.

Сағадат Нұрмағамбетовтың өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі. Батырдың есімі ел тарихында мәңгі сақталады. Осылай деген Сенат төрағасы ескерткіштің ашылу салтанатына арнайы келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы:

- Осы ашылып жатқан ескерткішке орай Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің құттықтау хатын жолдады. Президентіміздің құттықтау хатын оқып беруге рұқсат етіңіздер. «Сағадат Қожахметұлы бүкіл саналы ғұмырын әскери қызмет саласына арнады. Мемлекетіміздің тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде айбынды армиямызды құруға және оны нығайтуға зор үлес қосты. Ол өзінің болмыс-бітімімен, өмірлік ұстанымымен және ақыл-парасатымен қазақ генералының нағыз үлгісіне айналды».

Содан болар, күн райы құбылып тұрса да, даңқты тұлғаға арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне жиналғандардың қарасы қалың болды. Атап айтқанда, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов пен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ардагерлер мен халық қаһармандары, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, батырдың жақындары және қала тұрғындары еске алу шарасына қатысты.

Тілеухан Басқожаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы:

- Бүгінгі осы саябақтың ашылуы, толыққанды мүсін ашылуы бұл кешенді мемлекеттік бекітілген Үкіметтің берген жоспары аясындағы бір қадам болып табылады. Бұл жоспарда 30-дан артық мерекелер бекітілген. Одан бөлек, өңірлік жоспарлар бар. Мұнымен тоқтап қалмайды. Жыл бойы жалғасатын болады.

Батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова игі іске ұйытқы болған азаматтарға және ескерткіштің авторы Айдос Бүркітбаевқа алғыс білдірді. Әкесі саналы ғұмырын Отанға қызмет етуге арнағанын айтып, әсерлі естеліктерімен бөлісті.

Айсұлу Нұрмағамбетова, Сағадат Нұрмағамбетовтың қызы

- Бүгін ашылып отырған ескерткіш әкеме көрсетілген үлкен құрмет деп білемін. Бұл тек қана даңқты қолбасшыны еске алу үшін емес, сондай-ақ, тарих жәдігері ретінде халық жадында мәңгі сақталады. Мұндай игі іске мұрындық болған азаматтарға айтар алғысым шексіз.

Шара соңында әскерилер құрмет қарауылы сап түзеп, батырдың ескерткішіне гүл қойылды. Жиналғандар даңқты қолбасшыны 1 минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.

Жабал Ерғалиев, қоғам қайраткері:

- Ерлік ешқашан ұмытылмайтындығының бүгін, міне, тағы куәсі болып отырмыз. Тәуелсіз елімізді сақтау, еліміздің ынтымағын сақтау, бейбіт қатар өмір сүруді үйрену ол біздің асыл мұратымыз. Оны бізге асыл бабаларымыз, батыр бабаларымыз аманаттап кетті. Осы аманатқа адал болайық.

Иә, ер есімі ел есінде! Бұл ескерткіш соның айқын дәлелі. Қаһарманға деген құрмет. Сағадат Қожахметұлы Қарулы күштердің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан мықты қолбасшы ретінде елдің есінде қалған тау тұлға.

Авторлары: ДильназТұрғазыева, Ерлан Наурызбаев