Алматыда «Батыр» президенттік полкінің сарбаздары ант берді
Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында да сарбаздардың ант беру рәсімі өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Әр өңірден іріктелген жігіттер «Батыр» президенттік полкінің 0111 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейді. Шара аясында, мемлекеттік күзет қызметінің әскерилері ұрыс шеберлігін көрсетті. Айрықша мақсаттағы күштердің мерзімді әскери қызметіне 18 бен 27 жас аралығындағы, бойы 180 см-ден жоғары үміткерлер қабылданады. Оған қоса, білімі орта немесе жоғары болуы шарт. Олардың денсаулығына да жіті көңіл бөлінеді. Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разрядтары бар үміткерлерге басымдық беріледі.
Марлен Тілеулес, қатардағы жауынгер:
- Бұрын спортпен айналысқам, жүзуден спорт шебері болғам және жекпе-жектен жетістіктерім көп. Сосын көптеген медициналық тексерістерден, сынақтардан өтіп, «Батыр» президенттік полкіне борышымды өтеуге келдім.
Жорахан Қастаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Балам өзі барды әскерге. Менде ата-аналарға айтарым, ештеңеден қорықпай, тайсалмай, балаларды әскерге жіберіңіздер. Қазір бәрі тыныш. Жаңа Қазақстанды құратын солар болуы керек. Сондықтан ештеңеден қорықпау керек.