Биыл Қарағайлы кентіндегі ауызсу мәселесі толық шешімін табады

Қарағанды облысының Қарағайлы кентінде ауызсу мәселесі толық шешімін таппақ, , деп хабарлайды 24KZ.

Елді мекенде сапалы тіршілік нәрі бар. Бірақ үйлерге құбыр тартылмағандықтан тұрғындар суды тасып ішеді. Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табуы тиіс. Кентте биыл кәріз құбыры да іске қосылады. «Осылайша, мұндағы коммуналдық қажеттіліктің бәрі қаладағыдан кем болмайды», - дейді жергілікті билік.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Биыл Қарағайлы кентінің құрылғанына 70 жыл. Соңғы 30 жылда мұнда орталықтандырылған ауызсу және кәріз құбыры болмаған. «Қазан айына дейін елді мекендегі бұл мәселе толық шешіледі», - дейді жергілікті билік өкілдері.

Гауһар Ержанова жергілікті кен өндіру фабрикасында істейді. Ауыр еңбек күнінен соң су тасу екінші жұмысқа айналған. Отағасы үйде болмаса тіпті қиын. Бөшкелерді белі қайысып өзі көтереді.

Гауһар Ержанова, Қарағайлы кентінің тұрғыны:

- Су тасимыз. Қыста да, жазда да. Скважина бар. Бірақ оның суы ащы. Пайдалануға келмейді, кір де жуа алмайсың.

Кентте 2022 жылы орталықтандырылған ауызсу және кәріз құбырын тарту жұмыстары басталған. Оған 6 миллиард теңге бөлінді. Есептей келгенде 52 шақырым ауызсу мен 32 шақырым кәріз құбырын тарту қажет.

Мұратбек Әкімбаев, Қарағайлы кентінің әкімі:

- Бұл екі құрылыс та ұлттық жоба арқылы жүзеге асырылып жатыр. «Қуатты аймақтар – елдің даму драйвері» атты жобасы аясында. Қазіргі таңда таза ауызсудың жұмысы 70-80%-ке жетіп қалды. Дәл солай кәріз құбырын тарту да сондай деңгейге жетіп отыр.

«Жоспардағы жұмыс биыл күзде аяқталуы тиіс. Осыдан кейін көше жолдарын жөндеу қолға алынады», - дейді жергілікті билік өкілдері.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар