Елордада Сағадат Нұрмағамбетовті еске алу шарасы өтті

Елордада Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовті еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Астана қаласындағы әскери колледж аумағында орналасқан батырдың ескерткішіне гүл қойылды. Оған Қарулы күштер Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, оқу орнының жеке құрамы мен курсанттары және ардагерлер қатысты. Даңқты қолбасшы бүкіл саналы ғұмырын әскери қызмет саласына арнаған. Сағадат Нұрмағамбетов – ұлт шежіресінде өшпес із қалдырған тұғырлы тұлға, батырдың ерлігі ұлт тарихында мәңгі сақталады.

Қабылбек Оршыбеков, С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж бастығының орынбасары:

- Аталған іс-шараға Астана гарнизонының әскери қызметшілері қатысуда. Осы мерекеге орай салтанатты жиынды бастадық. Бұл шара Қазақстанның барлық аумағында өткізіліп жатыр. Біз болашақ ұрпаққа осы батырдың ерлігін кеңінен насихаттау арқылы осы тәлім-тәрбие жүргіземіз.

Хәкім Дүйсет, 19132 әскери бөлімінің аға қызметкері

- Мен колледждің 2013 жылғы түлегімін. Менімен бірге 70-ке жуық түлек оқуды тәмамдады. Мен С.Нұрмағамбетовтің жолын қуудамын. Болашақта мен де генерал шеніне дейін жетуге тырысамын. Қазір 19132 әскери бөлімінде қызметімді атқарып жатырмын капитан шенінде.