Маңғыстаудағы ауыл мол жерасты суының зардабын тартып отыр

Маңғыстау облысында бүтін бір елді мекен ми батпақтың зардабын тартып отыр.

Ақтауға іргелес тұрған Атамекен ауылында жерасты су қоры мол. Ылғал қысы-жазы көшелерді басып, жер үйлердің астынан шығып жатыр. Соңғы кезде кәріз суымен араласып, құдықтарды ластай бастаған.

«Тығырықтан шығудың жалғыз жолы ауыл ішіне дренаж жүйесін орнату», - дейді жауаптылар.

Атамекендегі «Көктем» шағын ауданында 400-дей жер үй бар. Осы ауданның тұрғыны Әсет Шармановтың айтуынша, халық тоғыз жылдан бері жер асты суының зардабын тартып келеді. Жаңбыр жауса ылғал көтеріліп, көшені алып кетеді. Лай су жерге сіңбейді. Аулада көлкіген суды өз күшімен сорғызамыз- дейді ауыл тұрғындары. 

Әсет Шарманов, ауыл тұрғыны: 

- Кеше әкімшіліктен үш водовоз су тарттырдық. Сегіз кубтан. Содан кейін өзім бес мыңнан бес водовоз су тарттырдым. Үш сағаттан кейін ауламыз қайта осы жағдайға түсті. Құдығымыздың жағдайы мынау, астынан су көтеріліп шығады. Суды сатып әкеліп, ішіп отырмыз. 

Тақтагүл Өтемұратова, ауыл тұрғыны:

- Жағдайы келгендер үйлерін бұзып, қайта салып жатыр. Ал жағдайы жоқ адамдар квартираға кетіп жатыр. Себебі үйде өмір сүруге жағдай жоқ. Полдың асты су, аула су. Бізге канализация керек. Бізге дренажная система керек.

Мұнайлы ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Атамекен ауылында сегіз дренаждық жүйе жұмыс істеп тұр. Бірақ жаңбыр жауғанда олардың күші жетпейді. Мамандар су көп жиналатын жерлерге сорғы қойыпты. Құбыры жіңішке болғасын қоқыспен тез бітеліп қалады екен. Сондықтан, тағы төрт дренаж сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінген. 

Нұрхан Мұстафаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

- Канализация дренажымен бірге деген жобалық сметалық құжаттарға өткен 2023 жылы қаражат бөлініп, қазіргі таңда жоба толықтай аяқталды. Мемлекеттік сараптамаға тапсырдық. Бұйырса, осы шілде айына дейін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алсақ, біз құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім береміз.

Жоспарға сәйкес алдағы уақытта жер асты суының қайдан шығып жатқанын және көлемін анықтау үшін техникалық зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ ауыл ішімен орталықтандырылған кәріз құбырын тарту жоспары бар.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев