Қызылордада көшелер кеңейтіледі

Қызылордада көлік кептелісі мәселесін шешу үшін бірнеше инфрақұрылымдық жоба қолға алынды. 

Оның аясында автокөлік көп жүретін екі негізгі даңғыл кеңейтіліп жатыр. Сонымен қатар жаңа көшелер салынуда. Мұнан бөлек 160 көшені қайта жаңғырту жоспарланған.

Қорқыт ата көшесі бойындағы темір жол өткелі тұсында ұзын-сонар көлік кептелісі. Таңертең жұмысқа, кешке үйіне асыққан қалалықтардың осы жерде жүрісі өнбей қалады. «Соңғы жылдары облыс орталығында автокөлік көбейіп, жолдың тарлығы біліне бастады. Тасбақа тырбаңнан мезі болдық», - дейді темір тұлпар тізгіндегендер. 

Бақытбек Бекбасаров, қала тұрғыны:

- Шанхайға қарай өтетін жақтағы тесік көпір дейді ғой, сол жағында көбірек кептеліс болып қалады. Жұмыстан кейін болып қалады. Әне жерге барсаң да, мына жерге барсаң да кептеліс. Кептелістерді азайту үшін мына жолды кеңейтуіміз керек. Өзімнің де басымнан өтіп жатыр. Келешекте бәрін дұрыстайды ғой деген ниетіміз бар. 

Былтыр қаладағы Сұлтан Бейбарыс көшесі екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтілген болатын. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тапты. Қазір екі үлкен даңғыл кеңейтіліп жатыр. Қожа-Ахмет Яссауи және Жаппасбай батыр атындағы екі жолақты көше бірінші дәрежелі төрт жолақты жолға айналады.

Марат Серкешбаев, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Асфальты 27 сантиметр. Астына төселетіні бар 62 сантиметр болады жалпы дорожный одеждасы. 20 сантиметр ПГС бар, үстінен 080 деген шебень бар, 27 сантиметр асфальтымыз бар. 

Сонымен қатар қаланы қақ жарып өтіп жатқан темір жолдан өтетін төртінші көлік өткелінің құрлысы басталды. 

Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары:

 -Жанқожа Батыр көшесінің тесік көпір дейді ғой, сол көпірдің арғы бетке өтетін екі жолақты көпір құрылысы қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып, жұмыс жүргізілуде. Биылғы таңда қаражаты жартылай бөлініп тұр, жыл сайын қаражаты толық бөлінген жағдайда келесі жылы пайдалануға берілетін болады. 

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында 266 шақырым жол жөнделеді. Ал облыс орталығы мен қалаға қарасты елді мекендердің барлығы 160 көшесі қайта жаңғыртылады. Осы жұмыстар атқарылғаннан кейін өңірдегі жол сапасы 92 пайызға дейін жақсарады.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин