Арыс қаласында жаңа тұрғын үй кешені салынады

Арыс қаласында жаңа тұрғын үй кешені пайда болады.

Ерекше дизайндағы көпқабатты үйді жеке инвестор өз қаржысына салып жатыр. Құрылыс жұмыстарының сапасы мамандардың ерекше бақылауына алынған.

Қазір қаланың кіреберісіндегі ашық алаңда бес қабатты екі үйдің іргетасы қаланып жатыр. Оның құрылысына осы салада 10 жылдан астам тәжірибесі бар жергілікті инвестор тартылған. Басты талап – тұрғын үй заманауи келбетке ие жаңаша үлгіде болуы тиіс. 

Азамат Байбосынов, инвестор:

- Бұның ерекшелігі – шатыры үш бұрышты болып жабылады. Барлық подьезді басынан аяғына дейін тұтас терезе болады. Балкондарына арнайы тор қойылады. Сапа жағынан да өте жақсы болады. Жалпы өзгеше, ерекше қазіргі заманауи үй Арыс қаласында 2024 жылдың аяғында халыққа беріледі.

Бір үйдің құрылысына 1 млрд-тан астам теңге жұмсалады. Толық салынып, дайын болғанда аудандық құрылыс бөлімі инвестордан сатып алады. Одан әрі арнайы комиссия баспана кезегінде тұрғандарға береді.

Ғани Садықов, Арыс қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Бұл жер Арыс қаласы бойынша сейсмикалық аудан болып есептеледі 7-8 балдық. Соған сәйкес бұның құрылысының сапасын қатты қадағалау үстіндеміз. Арыс қаласы бойынша 2179 адам кезекте тұр. Оның ішінде осал топтағы көпбалалы отбасы, мүгедек, жетім азаматтар бар. Солардың бәрі алдағы уақытта кезең-кезеңімен кезегімен тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады.

Инвестор келер жылы дәл осы жерден тағы 4 үйдің құрылысын жоспарлап отыр. Жалпы биыл Түркістан облысында мемлекеттік бюджет және инвесторлар есебінен көпқабатты 100-ге жуық үй бой көтеріп келеді. Жыл соңына дейін облыс орталығында екі мыңға жуық пәтер қолданысқа берілмек.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов