Алматыда академик Төрегелді Шармановты ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін қазақ жұрты мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, академик, Қазақ тағамтану академиясының президенті, Қазақстанның Еңбек Ері

Төрегелді Шармановты ақтық сапарға шығарып салды. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетінде өткен қоштасу рәсіміне марқұмның отбасы, парламент депутаттары, министрлер, ғалымдар мен медицина саласының өкілдері қатысты. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов оқыды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Төрегелді Шарманұлы бүкіл саналы ғұмырын ұлт денсаулығына арнаған бірегей тұлға, биік парасат иесі еді. Медицинаның алға басуына көптеген қажыр-қайратын жұмсап, көптеген игі іске бастамашы болды. Қазақ тағамтану ғылымының көкжиегін кеңейтіп, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және басқа халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланыс орната білді. Айналасына сыйлы, ғибратты ғұмыр кешкен Төрегелді Шарманұлының жарқын бейнесі Халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Асанәлі Әшімов, театр және кино актері, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Менің әрі ұстазым, әрі ағам, Төрегелді. Қимас адамымызбен қоштасып жатырмыз. Оңай тіршілік емес, қайырлы болсын, топырағы торқа болсын. Төрегелді сияқты азаматтар қазақ халқын мәңгі жүрегінде сақталады.