Жезқазғанда жаңа шағынаудан бой көтереді
Жезқазғанның Батыс ауданына бірнеше инфрақұрылым жүйесі қатар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Қаланың жаңа бас жоспары бойынша болашақта бұл ауданда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынады. Жергілікті бюджет есебінен басталған жобаларды толығымен аяқтау үшін Үкімет резервінен 4,8 млрд теңге бөлінеді.
Қаланың Батыс ауданында 2018 жылдан бері тұрғын үйлер салына бастады. Алайда инфрақұрылым болмаған соң бұл бастама бүгінге дейін толығымен жүзеге аспады. Үкімет резервінен бөлінетін қаражат осы мәселені шешуге жұмсалады.
Мәруа Келмағанбетова, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Құрылыс даму үшін бірінші инфрақұрылыммен қамтамасыз ету міндетті. Бұл қаражатқа 16 километр желілер салыну керек. Соның ішінде 5,5 жылу желісі, 4,9 кәріз желісі және 5,6 ауызсу желілері – басты құбырлар.
Жаңа ауданға ауызсу мен кәзір желісін тарту жұмыстарына 1,4 млрд теңге жұмсалады. Жақында ғана басталған жұмыстар қазір қарқын алды. 5 шақырым су құбырының 800 метрі салынды. Ал жылу желілерін тарту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс
Данияр Меңдібаев, мердігер ұйым өкілі:
- Жалпы ұзындығы 10532 метрді құрайды. Қазіргі таңда аталған жобаның 45%-і орындалды. Оның ішінде 820 диаметрлік құбырдың 390 метрінің құрылыс жұмыстары жүргізілді және диаметрі 720 мм-лік құбырдың 2800 метрі салынып бітті.
Батыс ауданда қазірдің өзінде 10 шақты көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қаланың бас жоспары бойынша бұл жерде 10600 пәтер болатын 88 үй салынады. Бұдан бөлек, әлеуметтік және бизнес нысандары да бар. Нәтижесінде қаланың аумағы 44 гектарға ұлғаяды.
Мәруа Келмағанбетова, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- 67 әлеуметтік-мәдени нысандар. Оның ішінде 52-сі – орта және кіші бизнес нысандары. Денсаулық сақтау нысандары, 2 мектеп, балабақша, театр, оқушылар сарайы және басқа да әкімшілік ғимараттар салынады.
Жалпы Жезқазғанда коммуналдық желілердің тозу 70%-тен асып кеткен еді. Соңғы жылдары жүргізілген жоспарлы жаңғырту жұмыстарынан соң жылу желілерінің тозу көрсеткіші 58%, су құбырлары бойынша 51%-ке дейін төмендеді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.