Абай облысында 6 мың жұмыс орны ашылады
Қазір Абай облысында 12 мыңға жуық адам жұмыссыздар тізімінде тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл оларды тұрақты және субсидияланатын жұмыспен қамту жоспарланған. Жұмыссыздар кәсіптік оқуға жіберіліп, мамандық алып шыға алады. Осы күндері 94 адам түрлі мамандық бойынша білім алып жатыр.
Көпбалалы Шынаргүл Ысқақова тігінші мамандығын игеруге келіпті. Бұрын-соңды мамандығы болмаған. Енді тегін курстан өтіп, білім алып жатыр.
Шынаргүл Ысқақова, Семей қаласының тұрғыны:
- Кез келген уақытта мамандық алуға болады, былай қарасаңыз. Ниет керек ол үшін, үміт керек, талпыныс керек. Сонда адам білім алып, мамандық алады. Басында келгенде үйрене алмадық. Қолдың ебі келмей кішкене. Енді 1,5 ай болды, үйреніп қалдық.
Былтыр Абай облысы бойынша 204 адам мемлекеттен қайтарымсыз грант алды. Қазір әрқайсысы өз ісін дөңгелетіп отыр. Амангелді Мұхамеджановтың негізгі мамандығы – автомеханик. Арнайы курстан өтіп, шаштараз мамандығын меңгерген. Бір жыл бұрын кәсіп ашқан.
Амангелді Мұхамеджанов, кәсіпкер:
- Әркім өз қолынан келген кәсібін ашқан дұрыс қой. Ары қарай алып кете алатындай. Сол Үкіметтің қолдауының арқасында өз бизнесіме қол жеткіздім. Өзіме қатты ұнайды. Сүйікті мамандығым деп айтсам болады. Ұнайды өзіме.
Ал Балғын Мақсұтбекова дамуында ерекшелігі бар бала тәрбиелеп отыр. 6 жыл бойы психолог мамандығы бойынша жұмыс істеген. Кейін грант алып, ерекше балаларды оңалтумен айналыса бастаған. Қазір 30-ға жуық балаға ем-дом жасайды.
Балғын Мақсұтбекова, кәсіпкер:
- Өзімнің ерекше ұлым болғандықтан, мен ерекше балалардың ата-анасын түсіне білемін. Психологиялық көмек беремін. Екі кезеңнен өтеді ғой ерекше балалардың аналары: «отрицание, принятие» дейміз. Сол үшін психологиялық көмек көрсетемін. Баланы түсіне білу керек. Сұранысын білу керек. Өтйкені көбінің тілі шықпаған, 8-9 жас, әртүрлі балалар келеді ғой
Биыл өңір тұрғындарына тағы 204 қайтарымсыз грант тағайындау жоспарланған. Бұған қоса 276 адам кәсіптік оқыту курстарына жіберіледі.
Еркебұлан Тұрсын, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
- Оқуды аяқтағаннан кейін жаңағы азаматтарымыз сол ұйымдарда жұмыспен қамтылатын болады. Кәсіптік оқыту барысында азаматтарымызға 32 681 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Материалдық көмек ретінде 10 АЕК төлем алатын болады. Оқыту курстарымыздың барлығы облыс аймағында басталды.
Қазір кез келген адам мемлекеттік қолдауға ие болып, өз ісін аша алады. Тек тың идея мен ниет болуы керек. Былтыр облыс бойынша 300 адам кәсіптік оқытудан өтті. 233-і жұмысқа орналасса, 16-сы кәсіп ашқан. Биыл өңірде 6 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы.