Мамандар: Сырттан келген қымызды алғанда абайлау керек

Басқаны айтпай-ақ қояйық, қымыздың өзін шетелден алдыруға көшіппіз. Былтыр елге 4 мың тоннадан аса қымыз кірген, деп хабарлайды 24KZ.

Оның басым бөлігі Ресейден жеткізіліпті. Ол жақта башқұрт ағайындар бар. Қырғыз ағайындардан да Алатаудан асып 500 тоннадайы келіпті. Тіпті беларусьтар да бізге 2 тонна қымыз беріп жіберген.

Сөйтіп, сырттан қандай қымыз келіп жатыр? Өзіміздікін неге менсінбей қалдық? Өзгеге қол жаюымыздың жөні қалай?

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Қымыздың бірнеше түрі бар. Бал қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз деп жіліктеп жатамыз. Дайындау тәсіліне, уақытына қарай аталады. Ал қазір ішіп жүргеніміз қай қымыз? Кейде қаладағы ағайынның сатып алған сусынға көңілі толмай жататыны рас.

Блиц 1:

- Ұнамайды маған бұл жақтың қымыздары.

- Ауыл жақтан жібергенді ғана ішесіз бе?

- Иә, Қатонқарағайдыкын ғана ішемін.

Блиц 2:

- Көп жерде енді таба алмайсың ғой таза қымызды.

Блиц 3:

Тоңазытқышта тұрса ішеміз, болмаса ішпейміз.

- Ал, бағасы қалай деп ойлайсыз?

- Қалыпты.

Блиц 4:

- Жақсы қымызды таппайсың да. Мен өзім тұрақты алып жүретін жақсы қымызым бар, осы Софиевкада бір ағамыз бар. Сол кісінікі қыста болмай қалады. Әйтпесе, ішіп тұрамыз.

Әрине, әркімнің талғамы әртүрлі. Оның үстіне қазіргі нарық заманында бабаларымыздан қалған тәртіпті сақтауға уақыт та тар шығар. Дегенмен, мамандар қымыздың бабын келтіру үшін табиғи бұйымдарды қолдану керек дейді.

Айтуған Мұқашев кәсіпкер:

- Тап-таза қымызды ішіп көріңіз де, бір күннен кейін бөтелкедегі қымызды ішіп көрдіңіз бе, қандай дәм береді? Себебі ол реакцияға түскенде ана пластмассының бойындағы дәмді өзіне тартып алады. Қымыздың нәзік жері осындай, сіз жай ғана тоңазытқыш, мұздатқыштың ішіне қымызды қойып қойыңызшы, ол қасында тұрған ет, май, бәрінің дәмін өзіне тартып алады. Ауылдық жерлерде, мысалы Жаңаарқаны айтып жатырмыз, қымыз мәдениеті сақталынған жерлерде олар күбіде істеп отыр. Сол үшін қымыз жақсы.

Ержан Жаубай, Argymaq.kz сайтының бас редакторы:

- Пластмассыда сақталған, 5 литрлік торсықтарда сақталған қымызды шама келгенше алмай-ақ қойған дұрыс. Өйткені аузы мықты ұзаққа сақталады дейді де, газын шығарып-шығарып, 5 литрлік баклашка дейміз ғой, соларға құйып сақтайды. Бұл енді жоқтың амалы. Шама келсе, жылы ғып орап, күбіге сақтасын, болмаса, сабаға сақтасын. Енді тері саба табылмаса, брезент бар. Қымыз сақтау үшін соны тауып алса, 200 лиртлік мес жасап қойып, жылылап, әдемілеп, қойдың жабағы жүнімен тонға орап сақтаса.

Былтыр Ресейге 2760 тонна қымыз экспортталды. Ал, импорт көлемі екі есе артық. Оның ішінде Ресей мен Қырғызстанның үлесі жоғары. Бұлардың басым бөлігі құтыдағы қымыз. Дегенмен, дүкенде тұрған қымыздың бәрі табиғи өнім деуге келмейді. Дәмдеуіш қосып, дәмін қымызға ұқсатып қоятындар көп. Мамандар, әсіресе, сырттан келген қымызды алғанда абайлауға кеңес береді.

 

Қымыз экспорты

Ресей – 2 760 тонна

 

Қымыз импорты

Ресей – 4 279 тонна

Қырғызстан – 521 тонна

Беларусь – 2 тонна

 

Айтуған Мұқашев, кәсіпкер:

- Мен дәмін көрген бетте бірден айтқам, мынау ешқандай жылқының сүті емес деп. Оның құрамында ең құрығанда 5-10% бие сүті де жоқ. Ол жерде жеңілдетілген сиыр сүті дейді, кепкен бие сүті. Ол былайша айтқанда, Беларусьтен келіп тұрған 1%-тік сиыр сүтінен біздің мына тандем деген сусынды жасайды ғой, соған «мед» деп қояды ғой әлгі, квас, медовый квас деп, сол екеуін бір-біріне араластырыңыз да ішіңізші. Екеуінің құрамында концентрат болғаннан кейін адам бір ішкеннен кейін тоқтамай іше бергісі келеді. Өйткені ол ашытылған сүт, оның ешқандай денсаулыққа пайдасы жоқ.

Қымызға сүт немесе су қосылғанын түсіне қарап айыруға болады. Ол үшін дәмін татудың қажеті жоқ. «Таза қымыз көгеріп тұрады», - дейді маман.

Ержан Жаубай, Argymaq.kz сайтының бас редакторы:

- Мына қымызға түрлі қоспа қосып, жаңағы мына «Таң» деген «Тандем» деген секілді, содан кейін күріштің суын қосатындар бар, ешкінің сүтін қосатындар бар. Бірден байқауға болады сүт қосқан қымыз сарғыш болады. Мысалы, шұбатты көрсеңіздер аппақ болады шұбат. Шұбат өте аппақ болады. Ал, қымызбен шұбатты қатар қойған кезде қымыз көкшілдеу, шұбат өте аппақ болады. Ал, сиырдың сүтімен қымызды қатар қойған кезде қымыз аппақ, сиырдың сүті сарғыштау болады. Сонда қымыз, мына сүт қосқан қымыз сарғыш боп тұрады. Ол бірден білінеді. Ал, қымыздың өзі көкшілдеу болады.

Қымызды көбірек пісу қажет. Мамандар күбіні арша, қайың мен үйеңкіден жасаған жөн дейді. Ал шыны ыдысқа бойындағы газ әбден сейілген соң құю керек. Себебі уақыт өте іштегі газ шөлмекті жарып жіберуі мүмкін.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Артур Горшняков, Ақылбек Есімсейітов