Елімізде балалардың биіктен құлау фактісі азаймай тұр

Былтыр биіктен құлап мертіккендер мен мерт болғандардың саны мыңнан асты, деп хабарлайды 24KZ.

Нақтысын айтқанда – 1402 адам. Бұл статистикада алматылық ағайынның үлесі басым. 374 жан. Ал Қостанай облысында 180 тұрғын құлап кеткен. Қарағанды облысында да бұл мәселе өзекті. 149 азамат. Ең қорқыныштысы, өткен жылы 136 адамның ажалы осы биіктен құлаудан келді. Абырой болғанда, биыл адам шығыны жоқ. Дегенмен...

Асхат Сапаров, ҰШМҮО басқарма төрағасының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары:

- 2024 жылдың бірінші төрт айының қорытындысы бойынша 386 дерек тікелді, биіктен құлау жөнінде. Соның 101-і балалар. Біздің дерегіміз бойынша қайтыс болған балалар жоқ. Жылдан жылға статистика бойынша қараймыз, өсіп келе жатыр. Мына биіктен құлау, соның ішінде биік үйлердің терезелерінен құлау бойынша балалар арасында өсу байқалады.

Құлағандардың дені - балалар. Өткен жылы 507 жағдай тіркелді. Оның 106-сы Алматыда болды. Ал Шымкент қаласында 82 бала биіктен құлап кеткен. Сонымен бірге Астанада да 54 жасөспірім жоғарыдан құлап мертіккен.

Ажар Рүстемова, Астана қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:

- Прокуратурамен бірігіп, мектептерде ашық сабақтар өткізіп жатырмыз. Мысалы бүгінгі күнде 1 айдың ішінде 50 сабақтай өткіздік.  50 сабақ өткіздік, жалпы 4 мыңнан астам баланы қамтыдық. Ата-аналар арасында осы жұмысты профилактикалық шаралар ретінде, үгіт-насихат жұмысы ретінде таратып, жеткіземіз.

Ескерткенмен есі кірмеген балалардың арасында биіктен құлау фактісі азаймай тұр. Тіпті жыл санап көбейіп барады. Сондай-ақ қысылтаяң сәтте қорықпай, көзсіз батырлыққа барған балалар да бар. Бірнеше күн бұрын бас қалада жеткіншек төртінші қабаттан құлап кете жаздаған баланы құтқарып қалды.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Марат Диханбаев