Павлодарда саяжай аумағын атты полиция күзететін болды
Павлодарда атты полиция саяжай аумақтарын күзететін болды, деп хабарлайды 24KZ.
Салт аттылар екі ауысымда жұмыс істейді. Негізгі міндет – қоғамдық тәртіпті қадағалау және судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Алғашқы рейдке полицейлермен бірге төтенше жағдайлар қызметінің де мамандары қатысты.
Облыс орталығында 20-дан астам бағбаншылық шаруашылығы бар. Салт атты полицейлер көлік бара алмайтын аумақтарды бақылауға алған.
Арман Қаптаев, қалалық полиция басқармасының бірінші орынбасары:
- Кавалериялық взвод 20 шақты атты құрайды және оның құрамында он шақты біздің полиция батальонының қызметкерлері, шабандоздары бар. Сол аттармен, жылқылармен көктем және жазғы күндері құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстарды және де есірткіні салатын адамдарды ұстау бойынша жұмысты жасайды.
Саяжайларды аралау барысында жүзге тарта жеке үйді тексеріп шықты. Тәртіп сақшыларының айтуынша, маскүнемдер, тұрғылықты жері жоқ адамдар мен нашақорлар иесіз саяжайларға үйір. Сондықтан бақылауды күшейту маңызды. Қылмыстың алдын алуда атты полицияның көмегі көп екен.
Ғалымжан Кәбір, учаскелік полиция инспекторы:
- Мына біздің атты жасақпен көптеген қылмыстар ашылады. Яғни біз автокөлікпен кейде құқық бұзған азаматтарды, қылмыскерлерге жете алмаған жағдайда олар жаңағы үйлердің арасымен қашқан кезде, біз аттармен қуып жетіп, ұстап жауапкершілікке тартамыз.
Саяжай маусымы басталған қысқа мерзімде 12 қылмыс тіркеліпті. Сегіз қылмыс ізі суымай ашылды. Атты патрульмен қатар төтенше жағдайлар қызметі де рейдке ыты.
Тілекжан Ғалямов, қалалық ТЖБ басшысының орынбасары:
- Рейдтің басты мақсаты – осы құқық бұзушылықтардың алдын алу, өрт жағдайларының алдын алу. Егер де қазіргі ауа райына байланысты от жағу орын алып жатса, онда біздің инспекторлар арнайы хаттама толтырады кінәлі тұлғаларға қатысты.
Соңғы жылдары саяжай аумақтарында қауіпсіздік шаралары күшейді. «Құқық бұзушылық барлық жерде бар. Күзет керек», - дейді бағбандар.
Өткен жылы полицияның атты жасағымен 20-ға жуық қылмыс ашылды. Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіпті бұзу мен рұқсат етілмеген жерде шомылу сияқты деректерге байланысты 40 шақты әкімшілік хаттама толтырылыпты.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков